Атырауда 30-ға жуық заманауи медициналық нысан салынады
2025 жылға дейін Атырау облысында 30-ға жуық заманауи жаңа типтік жобадағы медициналық нысан салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен Денсаулық сақтау басқармасының ағымдағы жылдағы 1 тоқсан қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті.
Күн тәртібінде ситуациялық орталықтың 1 тоқсандағы атқарылған жұмыстар қорытындысы, ана мен бала денсаулығын қорғау, қан айналымы жүйесінің аурулары, хирургия, онкология, туберкулез, жұқпалы аурулар қызметі бойынша, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау облысы бойынша филиалдың жұмысы сонымен қатар облыстағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы сөз етілді.
Биылғы жылдың 1-тоқсан қорытындысы бойынша 2022 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда туу көрсеткіші 1,6% жоғарылап, ал жалпы өлім-жітім 36,4%-ға, нәресте өлімі 21,5%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 25%-ға, жүрек-қантамырлары ауруларынан өлім-жітім 10,9%-ға, қатерлі ісіктерден өлім-жітім 8,8%-ға төмендеді. Медицина саласының сапасын арттыру мақсатында Кешенді жоспар және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін облыс бойынша 30-ға жуық заманауи жаңа типтік жобадағы медициналық нысандар салу іске асырылуда, - деді Абдалиев.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрғабыл Айтмұханбетовте өңірдегі балалар денсаулығы мен емдеу бағытындағы көрсеткіштерді атап өтті.
Өткен жылмен салыстырғанда 181 науқасқа артық емдеп, көрсеткіш 9 пайызға өсіп отыр. Бұл айналып келгенде дәрігерлердің жұмысы бір жүйеге қойылып, қызмет сапасы артып отыр деген сөз. Сондай-ақ бұл сауықтыру жұмысының да алға қойылғандығының белгісі, - деді Айтмұханбетов.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев көрсеткіштердің кейбір төмен бағыттары бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма беріп, жұмысты дұрыс жолға қою үшін міндеттер жүктеді.
Адам денсаулығы басты орында. Сондықтан дәрігерлердің қателесуіне немесе жұмысты әлсіретуге мүлде болмайды. Ал сіздердің жұмыстарыңыз осы көрсеткіштер арқылы сараланып отырады, - деді Бисембиев.