Атырауда 3 келіден артық картоп сатуға шектеу қойылды

Атырауда картоп сату бойынша шектеу енгізілді. Әзірге әр тұрғынға көкөністің бұл түрі 3 келіден ғана сатылады. Бірақ бұл шешім тапшылық болғандықтан енгізілген жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ мәліметінше, тұрақтандыру қорынан шығарылып, сатылып жатқан картоп басқа дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Келісі – 180 теңге. Көкөністі арзан бағамен алып, оны үстеме бағамен сатуға жол бермеу үшін осындай шешім қабылданған. 

1 адамға 3 келіден ғана сатылады. Бұл азаматтардың төмен бағада көп мөлшерде картопты алып, оның үстіне баға қосып сатуларына жол бермейді. Яғни алыпсатарлық әрекетті болдырмау мақсатында ғана. Қазір тұрақтандыру қорында картоп жеткілікті. 200 тоннадай қоры бар,-дейді "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ Азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Қайсар Құрманәлиев.

Қазір Атырау облысында 2024-2025 жылдарға арналған тұрақтандыру қоры бойынша бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Оған сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау мақсатында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге айналым қаржысын толықтыру үшін қайтарымды қаражат беріледі. 

Тұрақтандыру қорында 5 667 тонна көкөніс бар. Оның бәрі 2024 жылдың қараша айынан бастап 2025 жылдың наурыз айына дейін облыста бар 11 супермаркетте, 3 базарда және 6 сауда павильонында сатылады. Картоп тапшылығы жоқ. Қорда 200 тонна картоп жинаулы. Бұл қор ақпан айының соңына дейін жетеді, - дейді жауаптылар. 

Кәсіпкерлік корпорациясы көктемгі кезеңге де 680 тонна ауыл шаруашылығы тауарларын алуды жоспарлауда. Сол мақсатта жергілікті кәсіпкерлер, тауар өндірушілермен қосымша шарт жасап қойған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы