Атырауда 24 млн теңгенің есірткісін сатпақ болған діни ағым өкілдері ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда 24 миллион теңгенің есірткісін сатпақ болған деструктивті діни ағым өкілдері ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қарасора-2021" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Атырау облыстық Полиция департаменті Экстремизмге және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Атырау қаласы аумағында Орал қаласынан келіп синтетикалық есірткі сатпақ болған 1998 және 1999 жылы туған екі күдіктіні ұстады.
Күдіктілерден зип пакеттеріне оралған 46 дана синтетикалық есірткі табылды. Сонымен қатар олардың жалға алған пәтерінен екі пакетке оралған синтетикалық есірткі заты мен 100 дана дайын қаптама тәркіленді. Нәтижесінде жалпы сомасы 24 миллион теңгеге жуық синтетикалық есірткінің 2 400 бір реттік дозасы заңсыз айналымға жіберілмеді.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда күдіктілер соттың санкциясымен Атырау қаласының Тергеу изоляторына қамалды.