Атырауда 200 мектепте соңғы қоңырау соғылды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Атырау облысында 200 мектепте соңғы қоңырау соғылды.

Оқу жылын аяқтаған оқушылар мен мектеп бітіріп жатқан түлектер таңнан білім ордаларына жиналды. Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда 48 оқушы  мектепті аяқтап жатыр. Бұл балалардың басым бөлігі  мамандықтарын  таңдап, жоғарғы оқу орындары да анықтап қойған. 

Сыныптастарымды қимай тұрмын. Мұғалімдерге мың алғыс. Алдымызда сынақ бар. Барлық түлектер сұрінбей өтіп, қалаған мамандықтары бойынша оқуға түсулеріне тілектеспін. Қазір соңғы қоңырауымыз соғылады. Одан соң әрқайсымыз өз жолымызбен кетеміз. Мен IT маманы болуды таңдап отырмын. Мақсатым грантқа түсу, - деді жас түлек  Жаннұр Оралбай. 

 Қаз-қатар тұрған түлектердің барлығы да алтын ұяларын қимай тұрғандарын айтты. 

Ұстаздарыма ризашылығымды білдеремін. Сыныптастарыма қимастық бар. 11 жылымыз бірге өтті. Енді әрқайсысымыз жан-жаққа өз жолымызбен кетеміз. Мен менеджмент саласын таңдадым. Енді оқып, жоғары білім алып, елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді,- дейді Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия түлегі Нұрсат Нұрланов. 

Оқушыларды мектеп басшылары мен мұғалімдер құттықтап, марапаттарын табыстады. Ата-аналар да білім ордасына алғысын білдіріп, балаларға ақ жол тіледі. 

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия мұғалімдеріне алғысымыз шексіз. Бүгін жаңа өмірге қадам басып жатқан барлық балалардың ата-аналарын құттықтаймын. Жолдары ашық болсын. Әрқайсысы еліміз үшін еңбек ететін мықты маман болып қалыптасуына тілектеспіз, - деді ата-ана Айнұр Қуанышова. 

Дарынды балалар мектебінің түлектері соңғы вальс билеп, соңғы қоңырау сыңғырын естіп, білім ұяларымен қоштасты. 

Атырау облысында 6 мыңға жуық оқушы мектеп бітіріп жатыр. Оның 244-і «Алтын белгіге», 243-і «Үздік аттестатқа» үміткер. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы