Атырауда 160 орындық екі балабақша пайдалануға беріледі
Атырау қаласының Жұлдыз, Көктем мөлтек аудандарындағы 160 орындық балабақшалар пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі жазды.
Екі балабақша да «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы аясында салынып отыр. Ғимараттардың құрылыс жұмыстары 2021 жылы желтоқсан айында басталған болатын. Жұлдыз мөлтек ауданы бойынша балабқшаның мердігер мекемесі «Егеменді-құрылыс» ЖШС болса, Көктем мөлтек ауданындағы балабақшаның мердігері «Диар и компания» ЖШС. Бір гектар жерге орналасқан мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ауданы 1749,62 және 1584 шаршы метр.
-Мұнда 160 балаға 7 топ қарастырылған. Әрқайсысы 20 баладан 2 жастағы кіші үш топ, 25 баладан 3 жастағы екі орта топ және 25 баладан 4-5 жастағы екі ересек топ. Балабақша заманауи үлгіге сай жасақталынған. Балабақша асхана, спорт алаңы, саз және спорт кабинеті, сонымен қатар балалар ойнайтын лабиринт құрал-жабдықтарымен қамтылған, деді облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Айта кетейік, аталған балабақшалар жыл соңына дейін толықтай пайдалануға беріледі.