Атырауда 1400 электр бағаны қирағалы тұр
Атырау қаласындағы Самал ықшам ауданының тұрғындары жарық бағаналарының жағдайын айтып, шу шығарды. Екі жыл бұрын ғана жөнделген тіреуіштер қазірдің өзінде ортасынан жарылып, үгіліп жатқанына ашулы жұрт. Олар келеңсіздік тез арада қалыпқа келтірілсін деген талап қойып отыр, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ықшам аудандағы электр бағаналары соңғы рет 2016-2018 жылдары ауыстырылған. Жұмысты «Атырау көлік» компаниясы жүргізіпті. Бірақ орнатылған бетон тіреуіштері аз уақыттың ішінде жарылып, үгіле бастаған. Кейбірі, тіпті, құлағалы тұр. Жақын арада опырылып түссе, зардап шегеміз деген үрейде жұрт.
Біз осы жерде 2018 жылдан бері тұрамыз. Содан бері мына бағандардың сыйқы осы. Жарылып жатыр ғой. Ешкім қарамайды. Бір күні үстімізге құласа да, таңқалмаймыз. Ауыстыру керек қой. Бармаған жеріміз қалмады. Әкімдік те, 109 қызметі де, басқалары да жауап бермейді. Жылы жауып шығарып салады. Мыналарды бізге толығымен ауыстырып берсін. Біз соны талап етеміз, - дейді тұрғындардың бірі Тоғжан Досжанова.
Әкімдік бағандардың сапасыз екенін анықтағаннан кейін, «Атырау көлік» серіктестігін сотқа берген. Соның арқасында мердігер мекеме 200 бағанды қалыпқа келтіріп, ауыстырған. Тағы 300-інің жарамсыз екенін шенділер құзырлы орган өкілдеріне дәлелдей алмапты.
Алғашында сотқа берген кезде, 200 баған қалыпқа келтірілді. Екіншісінде сот біздің талабымызды қанағаттандырмады, жеңіліп қалдық. Қазір Атырау қаласында қирағалы тұрған 1400 бағана бар. Жалғыз бұл ықшам ауданда емес. Биыл жыл соңына дейін соның бәрін ауыстырамыз. Қазір бюджеттен ақша сұратып жатырмыз. Қаржы бөлінген бойда, жұмысты бастаймыз, - дейді Қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Абылай Ғұмаров.
Бірақ осы уақытқа дейін бос уәдемен құтылған биліктегілердің бұл сөзіне тұрғындардың сенгісі жоқ. Олар жұмыстың жыл соңына дейін аяқталатынына күмәнмен қарайды.
Столбалардың қалай жарылғанын көріп тұрсыздар ма?! Айтып шаршадық. Ешкім қолға алмайды. Оны ауыстырғанша дейін біреу қағып кетіп, сынса, біреудің басына құлайды. Не болмаса тоқ соғады. Мына жерде үнемі кішкентай балалар ойнайды. Оларға да үлкен қауіп қой. Үйлерге де зақым келуі мүмкін ғой. Әкімдіктегілерге тікелей хат жаздық, аяқтай бардық, еш пайда жоқ, - дейді тұрғындардың бірі Жаңылбай Тәжіғалиев.
Бұқара «Самал» ықшам ауданында жол белгілері де жоқ дейді. Жақын маңда құрылыс қарқынды болғасын, жүк көліктері ағылатын көрінеді. Сол себепті арнайы кедергілер орнату қажет дейді.
Жиналған жұртпен кездесуге келген биліктегілер сұраныстарды, соның ішінде электр бағаналарын жыл соңына дейін ауыстырамыз деп уәде берді. Бірақ тұрғындар оған сенбейді. Бұл проблеманы жауып қоймай, құзырлы органдарға да шағымданамыз деп отыр. Қажет болса, мердігерлерді де сотқа бермекші.