Атырауда 11 айлық бүлдіршін асқазанындағы батареямен 5 күн бойы жүрген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда батарея жұтып қойып, қаза болған 11 айлық бүлдіршіннің өлімі жайлы жаңа деректер шықты.
"Прикаспийская коммунаның" мәліметінше, 11 айлық бала асқазанындағы қауіпті затпен 5 тәулік бойы жүрген.
22 желтоқсанда Атырау облыстық балалар ауруханасына "дистанционды пульттің батареясын жұтып қойды" деген күдікпен кішкентай бала түскен.
Дәрігерлер дереу рентгенге түсіріп, баланың асқазанында бөгде заттың барын анықтаған. Алайда, баланы қарап-тексерген дәрігер "баланы таңертең қайта алып келіңіздер" деп үйге жіберген. Келесі күні 23 желтоқсанда бүлдіршінді кезекші хирург қабылдап, оны педиатрға жіберген.
Дегенмен, баланың ата-анасы оны педиатрға апармай, үйіне алып кеткен. 3 күн өткеннен кейін бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, хирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Сол күні балаға жалпы наркоз жасалып, эндоскопиялық әдіс арқылы асқазанынан бөгде затты алу әрекеті жасалды. Бөгде заттың көлемі үлкен болғандықтан, оны алу мүмкін болмады, - деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
27 желтоқсанда ауруханаға басқа эндоскопист-дәрігер шақырылды. Науқастан бөгде затты алу барысында асқазанының тесілгені анықталды. Операция шұғыл түрде жасалғанымен баланың жағдайы күрт нашарлап, реанимациялық іс-шаралар еш нәтиже бермеді. Келесі күні таңертең ұл бала тыныс алу және жүрек-қантамыр жеткіліксіздігінен қайтыс болды.
Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұханбетовтің сөзінше, бала өлімі дерегі бойыша тергеу амалдары жүргізілуде.