Атырауда 10 жасар бала мен зейнеткер мұз астына түсіп кетті
Атырауда Жайық өзенінен өтпек болған ер адам мен 10 жасар бала мұз астына түсіп кетті. Зейнеткерді құтқару мүмкін болмады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға 4 желтоқсанда болған.
«Департаменттің диспетчерлік пультіне кеше, жергілікті уақытпен сағат 20:49-да Атырау қаласындағы Жұмыскер ауылының тұсында Жайық өзенінің мұзы ойылып, ер адамның суға батып кеткені жөнінде шақырту түсті. Оқиға орнына жеткен жедел-құтқару жасағының 3 сүңгуірі сағат 21:10-да Жайық өзеніне батып кеткен 72 жастағы ер адамның денесін тауып, судан шығарды», - деп хабарлады департаменттен.
Ал 10 жасар баланы оқиға куәгерлері құтқарып қалған. Дәрігерлер баланы тексерген соң үйіне жіберді.
«Тұрғындарға ауа райының құбылуына байланысты Жайық өзенінде мұз әлі қалың емес екендігін ескертеміз. Қазір өзен жағасында мұздың қалыңдығы небәрі 3-4 см құрайды. Өзеннің ортасында мұз әлі қалың емес. Мұз үстіне шығу өмірге қауіп төндіреді», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.