Атырау жолдарынан 302 кемшілік анықталды

Атырау облысындағы 74 жолдан биыл 302 кемшілік анықталды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК  Атырау облыстық филиалының сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Нұрлан Жантурин мәлімдеді.

Филиал қызметкерлері жыл басынан бері  Атырау облысындағы 74 жолға 848 рет тексеріс жүргізген. Бас-аяғы 300 кемшілік анықталса, соның 65-і өрескел. Компаниялардың жол құрылысына қолданып жатқан материалдарынан 1470 сынама алынып, зертханада тексерілген. 218 сынама стандартқа сай болмай шықты. 

Өрескел ақаудың бірі  «Ақтөбе-Атырау -РФ шекарасы /Астрахань бағыты/» республикалық жолында анықталған. Автомобиль жолының 616-893 шақырымы аралығында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Филиал инженерлері бұл жолға 185 рет тексеріске шығып, 61 ақау анықтады. Оның 17-і әлі жойылған жоқ. Мәселен, ұзындығы 2 шақырым жол негізінің жоғары қабатына жоба бойынша 5-40 фракциялы қарақиыршықтас төселуі тиіс. Алайда, бұл жерге 0-40 фракциялы қарақиыршықтас төселген. Сонымен қатар, керн алу кезінде жол жабындысының төменгі қабатына төселген асфальтбетонның  қалыңдығы сәйкес келмейтіндігі,  асфальтбетонның төселуі кезінде жіктерінің тегістігі сақталмағандығы анықталды, - дейді Н.Жантурин.

Жауаптылар дәл осы тас жолдың Астрахань бағытын да тексерген. Сараптау нәтижесі  74 сынаманың  нормативтік құжатқа сай еместігін көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы