Атыраулық кәсіпкерлер жақсылық жасап жарысуда
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық кәсіпкер қайырымдылық эстафетасын жалғастырып жатыр. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, медициналық маска мен қолғап салынған 100 қорапты таратты.
Қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып жатқан жандарға аналар да ризашылығын білдірді.
Мына қиын кезде бізге көмек көрсетіп жатқан қайырымды азаматарға ризамыз. Бұл бізге үлкен көмек. Осындай жомарт жандарымыз көп болсын,-деді көп балалы ана Алма Алмурзиева.
Жеке кәсіпкер Бауыржан Кенжеғалиев 100 отбасыға арналған себетті дайындау үшін 1 миллион теңге қаражат бөлген екен. Ал, қораптарды жасақтап, тиісті мекен-жайларға жеткізуді азаматтық орталықтың еріктілері қолға алған.
Кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетсе, әрі қарай мұқтаж отбасыларына бөлу, әр қайсысының мекен-жайына тарату жұмыстарын Азаматтық орталықтағы еріктілер ұйымдастырып жатыр екен."Бірлік бар жерде тірлік бар" деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Осындай кезде біз бірлігімізді танытуымыз керек. Сонда ғана барлық ауыртпашылықты бірге жеңеміз. Көптеген атыраулық кәсіпкерлер қайырымдылық жасап жатыр. Бұл біздің ауызбіршілігіміздің нәтижесі деп ойлаймын. Өңірде жомарт азаматтар аз емес. Әлі талайы осындай қайырымды істі жалғастыратынына сенемін,-дейді атыраулық кәсіпкер Бауыржан Кенжеғалиев.