Бүгiн 2026, 02:18 Фото: azh.kz

Атырау жаңбырдан кейін жарықсыз қалды

Атырауда ауа райы күрт өзгеріп, қала тұрғындарын әбігерге салды.

Атырау қаласында ауа райының нашарлауы мен толассыз жауын-шашыннан кейін коммуналдық және апаттық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қаланың жекелеген учаскелерінде жаңбыр суы жиналып, сондай-ақ электрмен жабдықтауда уақытша үзілістер тіркелген.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта мамандар Талғайран, Ескі әуежай, Авангард, Томарлы, Сарыөзек және Мұнайшы шағын аудандарында жұмыс жүргізіп жатыр.

Суды сору және арналық жүйелерді тазалау үшін "Спецавтобаза" ЖШС-нің шамамен 10 арнайы техникасы жұмылдырылған.

Сонымен қатар, электр желілеріндегі ақауларды жоюға «Атырау Жарық» ЖШС-нің 10 апаттық бригадасы тартылған.

Қызметтердің мәліметінше, қолайсыз ауа райының салдарын жою және электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қаланың бірқатар аудандарында электрмен жабдықтау қалпына келтірілген, ал қалған шағын аудандарда мамандар жұмысын жалғастыруда.

Тұрғындардан су жиналу және электр жарығына қатысты ақаулар туралы 109 нөміріне хабарлау сұралады.