Атырау тұрғынынан сібір жарасының белгісі анықталды

Атырау тұрғынынан сібір жарасының белгісі анықталды. Ер адам инфекциялық ауруханаға жатқызылып, профилактикалық ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл ақпаратты Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы өкілдері растады. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Альмира Сабырғалиеваның сөзінше, тұрғын инфекциялық ауруханаға бүгін таңертең, яғни 22 қараша күні сағат 9:00 шамасында түскен. Орта жастағы ер адамның қызуы көтеріліпті.

20 қараша күні қалада сібір жарасынан өлген мал тіркелгеннен кейін, біз сол малмен байланыста болған 17 адамды анықтап, сол 17 адамды медицина қызметкерлері қадағалауға алды. Оның біреуінен дене қызуының көтерілуі байқалып, ауруханаға жатқыздық. Денесінде ешқандай жара болған жоқ. Бүгінгі күні сібір жарасына күдікті деп танып отырмыз. Қазір науқастың жағдайы жаман емес. Сынама алынды. Қорытындысын күтіп отырмыз. Өзінің алгоритмі бар. Ертең шығып қалуы мүмкін. Ол азамат малмен тікелей байланыста болған. Жалпы сібір жарасымен ауырған адамда дене қызуы болып, әлсіздік болып, тамаққа тәбеті болмауы мүмкін және денесінде жара болуы мүмкін. Қазір біз күдікті кісіге алдын-алу шараларын жасап жатырмыз. Егер де нақтыланатын болса әрі қарай, ем жүргізуді жалғастырамыз,-деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Альмира Сабырғалиева.

Айта кетсек, «Асыл агро» базарында бірінші сиырдың өлгені 20 қараша күні айтылды. 21 қараша күні тағы бір сиыр өлексесі анықталды. Олардан сынама алынып, өлекселері жойылған. Бұған дейін базардағы шаруалар сиырлардың сібір жарасынан өлуі мүмкін еместігін айтты. Жемге тойып өлгендігін алға тартты. Олар базарды жабуға да қарсы болды. Себебі сатылымда тұрған төрт-түліктің күйі кетеді деп алаңдады. Одан өзге жем-шөппен қамтамасыз ете алмаймыз деген жауаптыларға да өкпелері қара қазандай екенін жеткізді.

Жеке өзімді айтсам, мен 8 бас жылқыны Батыс Қазақстан облысынан, Оралдан әкелдім. Тиісті справкасымен әкеліп тұрмын. Орал жақын жер емес, 500 шақырым жер. Оның ар жағында қырға түсесің, ол 300 шақырым. Бас-аяғы 800 шақырымдай жүресің. Оның бәрі еңбек. 100 шақырымдай ғана болса, қайта айдап кетуге болар еді. Бірақ алыс. Ал мына өлген сиыр бойынша айтсақ, ол да сол Оралдан келді. Бірақ ол аурудан емес, жемнен өлген. Енді қазір мына базады жабамыз деп жатыр. 2 аптаға жапса, малды шығара алмаймыз. Жем-шөпті де қайдан алатынымыз белгісіз. Жауаптылардан сұрасақ, жем-шөппен қамтисыңдар ма деп, жоқ дейді. Ол тұрған малдың күйі кетеді. Оның бәрі бізге шығын ғой,-деді кәсіпкерлердің бірі Махамбет Мақатов.

Дегенмен «Асыл агро» базары карантинге жабылды. Онда кіріп-шығуға тыйым салынды. Ал қала бойынша қазір 6 мал сою цехы мен базар болса, соның бәрі жаппай тексеріліп жатыр. Бүгінге дейін ол жерлерден 55 сынама алынған.

4 мал сою пункті мен сауда орындарынан бүгінгі таңда 55 сынама алынды. Оның қорытындысы 7-10 күн аралығында шығады. Кеше тағы бір мал өлу фактісі тіркелді. Одан сынама алынды. Бүгін Астана қаласына жіберілді. Ол сынаманың қорытындысы 5 күн ішінде шығу керек. Ол малдың қайдан келгені анықталып жатыр.Алдын-ала мәліметтер бойынша Құрманғазы ауданынан әкелінген. Ешқандай да алаңдауға негіз жоқ әзірге. Құзырлы органдар тиісті жұмыспен айналысып жатыр. Оны нақты қорытындысы шыққасын хабарлаймыз,-деді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Алғашында Атырау облысының әкімдігі ауру сиыр бір бас ғана болып БҚО ауылынан келгенін айтқан. Дегенмен Батыс Қазақстан облысындағы ветеринарлар мүлдем басқаша мәлімет берді.

21 қазан күні БҚО Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округінің «Габдуллин Е.» шаруа қожалығынан 10 бас ірі қара малын Атырау қаласына апарылған. Бұл малдар шаруашылықтан тиеліп шыққан кезінде ешқандай ауру белгілері болмаған, барлық тиісті ветеринариялық іс-шаралары өткізілген. Сондықтан жергілікті малдәрігер маман аталған 10 бас ірі қара малына ветеринариялық анықтама рәсімдеген. Мал иесі Габдуллин Ержанның көрсетуінше, Атырау қаласына тасымалданып апарылғаннан кейін, 22-23 қазан күндері 8 бас ірі қара «Асыл-агро» сою пунктінде сойылған, 2 бас ірі қара тірі күйінде «Нұфтолла» базарына сатылған. Тасымалдау кезінде және Атырау қаласында сойып-сату уақытында малдарда ешқандай ауру белгілері болмаған. Ауыл шаруашылығы жануарларының сібір жарасы ауруының инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан 6-8 күнге дейін, орташа алғанда 2-3 күнді құрайды. Сібір жарасы ауруы малдарда жіті, тез септикалық түрде өтеді. Осы негізде Атырау қаласында ауру малдың өлімі тасымалдандып алып кеткеннен кейін 22 күннен кейін, 12 қарашада орын алғандығын ескере отырып, Батыс Қазақстан облысының территориясында малдың сібір жарасы қоздырғышын жұқтыруы мүмкін емес. «Габдуллин Е» ШҚ-ы Жаңақазан ауылынан 25 шақырым жерде, «Төлеген» қыстағында орналасқан. Бағымында 328 ірі қара малдары, 98 жылқы малы бар. Шаруашылықтың малдары биылғы наурыз-сәуір айларында толықтай сібір жарасы ауруына қарсы егілген.Қазіргі уақытта «Габдуллин Е.» шаруа қожалығында жағдай қалыпты, орын алған жағдайға байланысты шаруа қожалығының бағымындағы жануарларына күнделікті ветеринариялық бақылау жүргізіліп отыр,-делінген ветеринария басқармасының ресми жауабында.

Әкелінген мал санына қатысты Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына сауал қойдық. Қай өңір билігінің қате ақпарат беріп отырғанын дәлелдеп айта алммады. Айта кетсек, кеше өлген екінші сиыр Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданынан жеткізілген. Енді биліктегілер сынама қорытындыларын күтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов -архив
Өзгелердің жаңалығы