Атырау тұрғыны Telegram-да лотерея ойнап, алаяқтардың құрбаны болды
Атырау қаласының 47 жастағы тұрғыны Telegram мессенджеріндегі арналардың бірінде ұйымдастырылған онлайн-лотереяға қатысу барысында алаяқтық фактісі бойынша жәбірленуші атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу барысында анықталғандай, ұтыс ойынына қатысқаннан кейін жәбірленушіге белгісіз ер адам телефон арқылы хабарласып, өзін лотерея ұйымдастырушысы ретінде таныстырып, 250 000 теңге көлемінде ұтыс ұтқанын хабарлаған. «Ұтысты растау» сылтауымен күдікті жәбірленушіні ұялы телефонда белгілі бір әрекеттер жасауға көндіріп, соның нәтижесінде оның ақшалай қаражатын басқару мүмкіндігіне ие болған.
Кейін ақтөбелік күдіктінің нұсқауымен жәбірленуші Kaspi Bank мобильді қосымшасы арқылы зергерлік бұйымдар сатылатын сауда нүктелерінде қашықтан төлем жасап, сатып алуларды рәсімдеген. Нәтижесінде екі алтын алқа және екі күміс сақина үшін төлем жасалған. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 472 000 теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол Ақтөбе қаласындағы колледждердің бірінің студенті болып шықты. Сатып алынған зергерлік бұйымдарды күдікті ломбардқа өткізген, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында жалға алатын пәтер беремін деген жасөспірім 33 адамды алдаған болатын.