Атырау тұрғындары краннан аққан лай суға шағымданды

Атырауда бірнеше аудан тұрғындары краннан лас, қоңыр түсті және жағымсыз иісі бар судың ағып жатқанын айтып, дабыл қақты. Олар денсаулықтарына алаңдап, коммуналдық қызметтерден түсініктеме талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Atyrauoil деректеріне сүйене отырып.

Қала тұрғыны Абзал Тоғайбайдың айтуынша, мұндай жағдайлар бұрын да болғанымен, қыс мезгілінде бірінші рет байқалып отыр.

Кранды ашсаң, қоңыр түсті су ағады. Бала күліп, «лимонад» деп ойнап жүр. Бірақ бұл суды ішуге де, жуынуға да болмайды. Ішінде тот, құм, лас заттар бардай көрінеді. Судың ақысын төлейміз, бірақ ақырында бөтелкедегі суды сатып алуға мәжбүрміз. Бұл мәселе қашан шешіледі?, – деп наразылығын білдірді тұрғын.

Қаланың коммуналдық қызметтері жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Алайда, тұрғындар бұл жағдайға тек уақытша емес, түбегейлі шешім қабылдауды талап етіп отыр.

Жергілікті билік пен жауапты мекемелер әзірге судың ластану себебін нақты түсіндірмеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: t.me/guwonline
Өзгелердің жаңалығы