Атырау тұрғындары елімізде атом электр станциясын салу жоспарларын талқыға салды

17 шілдеде Атырау қаласында елімізде атом электр станциясын салу жоспары бойынша жария талқылау өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, энергетика саласының мамандары, экологтар, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар, журналистер мен блогерлер сияқты қатысушылар жиналды. Түрлі сала мамандардың қатысуы осы тақырып жайлы ашық диалог жүргізуге мүмкіндік берді.

Іс-шара АЭС құрылысының әртүрлі аспектілерін қамтыды, соның ішінде қауіпсіздік шаралары, қоршаған ортаға әсері, жобаның экономикалық тиімділігі және қоғамға әлеуметтік әсері. Сондай-ақ сарапшылар – Энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері АЭС құрылысына ұсынылып отырған заманауи технологиялар туралы, Қазақстанның бейбіт атомды дамыту тәжірибесі, отандық институттардың осы саладағы жүзеге асырып жүрген ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер туралы айтып өтті.

Энергетика министрлігінің өкілдері электр энергиясына деген сұраныстың артуы мен СО2 шығарындыларын азайтуға деген ұмтылысты ескере отырып, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту қажеттілігіне жиналған қауымның назарын аудартты, сондай-ақ болашақ атом электр станциясының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жобаның барлық кезеңдерінде мұқият жоспарлау мен қатаң бақылаудың маңыздылығын атап кетті.

Жергілікті тұрғындар АЭС құрылысының мерзімі мен құны, пайдаланылған ядролық отынды сақтау, инфрақұрылымды дамыту ықтимал перспективалары жайлы сауалдарын қоя отырып, осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін мамандандырылған кадрлардың даярлығы туралы өз пікірлерін айтып, сондай-ақ жоба аясында жұмысқа орналасуға қызығушылықтарын білдірді. Осылайша, өңірдегі кейбір қоғам белсенділері Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты өз қауіптері мен үміттерін білдірді. Олар жобаны асыру барысында ашықтықты, шешім қабылдауға қоғамның қатысуын және барлық мүдделі тараптарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Барлық халықаралық қағидаларды сақтаса мен бұл атом электр станциясын қолдаймын. Себебі қазіргі уақытта халықаралық қаржыландыру банккілері көмірге инвестиция салудан қашып жатыр, болашағы жоқ деп. Күн сәулесі мен жел әрқашан болмауы мүмкін, бірде бар бірде жоқ. Сондықтан оларды алда тұрған мақсаттарды шешетін тұрақты энергия көздері деп айтуға болмайды. Осының ішінен озып шығатын атом энергетикасы. Атом индустриясын дамыту керек деп ойлаймын. Қазіргі атом электр станциялар жаңа талаптарға сай өте жақсы жасалады, - деп атап өтті Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Каспий кешенін зерттеу және мониторинг зертханасының меңгерушісі Махамбет Құдайбергенұлы.

Елімізде көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтары ашылып жатыр, біздің еліміз де үлкейіп жатыр, жаңадан облыстар құрылып жатыр. Осылардың бәрін ескере отырып энергия көздерін болашақта жетілдіру үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан атом электр станциясын салу туралы ұсыныс болды. Осы сұрақ халық арасында талқыланып жатыр. Ел болып, халық болып, елдің өркендеуіне байланысты жасалып жатқанын түсінуіміз керек. Қазіргі уақытта бізге энергия көздері керек, оның ішінде ең басты энергия көзі бұл атом электр станциясы. Бұған күмән жоқ, - деп өз ойын білдірді Атырау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан халық ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қосыбаев Қеңес Темірұлы.

Өткен талқылау барлық мүдделі тараптар арасында сындарлы диалог құру және еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға үлес қосуға мүмкіндік берері сөзсіз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, атыраулықтардың кездесу барысында айтылған ескертулері мен ұсыныстары жобаны әрі қарай жүзеге асыру барысында қоғамның мүддесі мен қоршаған орта қауіпсіздігін сақтай отырып ескерілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы