Атырау. "Ұшты-ұшты шатыр ұшты"

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда кенеттен қатты жел тұрып, көп қатарлы үйдің шатырын ұшырып әкетті. Ұшқан шатырдың бір бөлігі  жол жиегіндегі бірнеше көлікті басып қалған.  Абырой болғанда көлік ішінде адам болмапты. 

Оқиға түс уақытында Атырау қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы көшеде болған. Зардап шеккендер жоқ.  Құлаған шатырдың көлемі 125 шаршы метр шамасында екен.

Қазіргі уақытта болған оқыс жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, шығын көлемі анықталуда дейді әкімдік өкілдері.  

Шатыры 5 қабатты тұрғын үйдің  іргетасы 1985 жылы қаланған. 2012 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеменің кепілдік мерзімі 2014 жылы өтіп кеткен көрінеді. Құтқарушылар үй төбесіндегі қалған шатырдың қалған бөлігін қалыпқа келтіруде.

"Қалған шатырдан қауіп бар.  Қазіргі уақытта жергілікті әкімдікпен бірлесіп, қауіпсіздік шараларын сыммен байлау жұмыстарын жүргіземіз. Толық аяқталғаннан кейін барлығын дұрыстап қарап шығамыз", -дейді  Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрлан Жаңабаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы