Атырау – Қазақ елінің Еуропаға шығар қақпасы
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау – Қазақ елінің Еуропаға шығар қақпасы. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы осы өлке арқылы өткені тарихтан белгілі. Қала орталығындағы көпір Азия мен Еуропаны жалғап тұр. Мұның зор символдық мәні бар. Бір сөзбен айтқанда, еліміз түрлі өркениеттер тоғысқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сондықтан, қазақтың жерін ежелгі заманнан түрлі діни наным өкілдері мекендеген,- дейді Президент.
Халқымыз діни ұстанымына қарап ешкімді кемсітпеген.
Бәрі татулықта өмір сүрген. Жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне қатысушылар да мұны айрықша атап өтті. Тіпті, Рим папасы ұлы Абай және домбыраның құдіреті туралы терең ойларын айтты. Мен мұны бекерге айтып отырған жоқпын. Қазір жер жүзінде болып жатқан түрлі қақтығыстардың негізгі себептерінің бірі – діни алауыздық. Біз елімізде тыныштық пен тұрақтылық болғанын тілейміз, - деді.
Ол сол себепті, бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек екенін айтты.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ,- деді Мемлекет басшысы.
Сондай -ақ ол бабаларымыздың ғасырлар бойы ислам дінін ұстанғанын айтты.
Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды,- деді Президент.