Атырау қаласында мұғалім тапшы
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласының мектептеріне 300-ден астам маман тапшы. Басым бөлігі орыс сыныптарына екен. Бұл туралы қаладағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Атырау қалалық білім бөлімі басшысы Фаруза Шангереева мәлім етті.
«Мұғалімдерді тұрғын үймен қамту да қиын», - дейді қалалық білім бөлімі басшысы Фаруза Шангереева.
Осыдан соң олар зейнеткер мұғалімдерді жұмысқа шақыруға мәжбүр. Қазіргі уақытта қала мектептерінде 120-дан астам ардагер ұстаз білім береді.
«Біздің қиындық көріп отырғанымыз орыс тілінде дәріс беретіндер. Бұл жерде біз Атырау университетіне де хат жаздық, кеше ғана Орал қаласындағы батысқазақстандық Өтемісов атындағы университетіне барып келдік, Ярмарка пати деген. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Мелешқызы өзі барып келді. Бізге келем деген 42 түлек болды, енді біз олар келеді деп үміттеніп отырмыз», - дейді Атырау қалалық білім бөлімі басшысы.
Ол алайда бұл түлектер сұранысты толық өтей алмайтындығын, дегенмен, маман іздеуді тоқтатпайтындықтарын атап өтті.
Білім бөлімі басшыларының айтуынша, үш ауысыммен оқытатын қаладағы 13 мектептің де мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Осы білім ошақтарындағы 15 мыңға жуық артық оқушыға 20 мектеп қажет екен. Қазір қалада 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қорғайтын «Ақылды мектептердің» жобасын іске асыру үшін де қомақты қаржы қажет.
«Жуықта осы жобамен таныстырды. Баланың қолында карточка болады. Ол мектепке келгенде соғылады. Сонымен қатар, асханаға кіріп не сатып алғаны да көрініп тұрады. Медициналық анықтамасы да соның ішінде. Алайда бұл жобаны енгізудің құны өте қымбат болып шықты. Сондықтан біз ұсынушыларға жоба бағасын қайта қарауды сұрадық. Өйткені бұл бюджеттен қомақты қаржыны талап етеді», - дейді Фаруза Шангереева.
Сонымен қатар, тілшілер түлектердің мерекелік кешінің ұйымдастырылуы туралы да сұрады. Білім бөлімі басшысы әрбір мектепте аттестат табыстау кеші дәстүрлі түрде өтетінін, алайда мерекені әрі қарай мейрамханада атап өту ана-аналардың рұқсатымен болатынын атап айтты. Дей тұрғанмен, бас ұстаз бұл кешті ас та төк тойлайтын жастар саны азайғанын айтады.