10 Қазан 2026, 19:15 Фото: ©BAQ.KZ

Атырау полицейлері шетелдік туристерге бір тәулікте елден шығу визасын рәсімдеп берді

Қазақстан полициясы елде болу мерзімін өткізіп алған Германия азаматтарына құжат мәселесін реттеуге көмектесті.

Қазақстанға турист ретінде келген Германия азаматтарына белгіленген мерзімнен артық елде болғаннан кейін Атырау облысы полициясының көші-қон қызметі көмектесті.

Полицияның мәліметінше, шетелдіктер елден шығу визасын рәсімдеу үшін өңірлік полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына жүгінген.

Ведомство қызметкерлері қажетті құжаттарды қалпына келтіруге және елден шығуға рұқсат алуға көмектесті. Барлық рәсім бір тәулік ішінде аяқталды.

Құжаттарын алғаннан кейін Германия азаматтары қазақстандық полицейлерге жедел әрекет етіп, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Полицияның хабарлауынша, Атырау облысының көші-қон қызметі азаматтардың өтініштерін уақтылы қарауға, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге және қолданыстағы заңнама аясында шетелдіктерге көмек беруге баса мән беріп келеді.