Атырау облысының спорт басқармасы 150-ге жуық қызметкерді жалақысыз қалдырған
Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнындағы қызметкерлер 3 айдан бері еңбекақы ала алмай жүр. Басшылықтың бос уәдесіне тойдық деген жұмысшылар жиналып, наразылықтарын білдірді. Проблема жақын арада шешілмесе, адамдар жұмысты толық тоқтататындарын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Мұнайшы» аталып кеткен спорт кешенінде 84 адам еңбек етеді. Олар биылғы жылдың басынан бері жалақыға жарымай келеді. Жауаптылар бізді ойлаудан қалды деп өкпелі. Несиемізді төлей алмай, шығынға баттық деп отыр. Отбасын асырау да қиынға соққанын айтады.
Менің осы мекемеде қызмет еткеніме 7 жылдай болды. Бұған дейін ондай мәселе мүлдем болған емес. Биылғы жылдың басынан бері ақшаға жарымай қалдық. Жалақы жоқ, ешқандай медициналық сақтандыру ақшасы жоқ. Зейнетақы жүйесіне түсетін ақша да аударылған жоқ. Отбасымыз бар. Асырау қиынға соқты. Несиенің жөні бір бөлек. Неше айдан бері төлейтін уақыты асып кетті. Басшылыққа айтсақ, сабыр етіп кішкене күте тұрыңдар дейді. Қиын болып кетті. Біз енді күте алмаймыз. Егер де сәуір айының 10-дейін еңбекақымызды аудармаса, бәріміз бірігіп мекеме жұмысын тоқтатамыз, - дейді қызметкерлердің бірі Жансая Науанова.
Спорт мектебінің алдына жиналған тұрғындар мәселені шешу жергілікті биліктің қолынан келмейді деп отыр. Сол себепті базыналарын үкіметтегілер естісе дейді.
Базыналарын жеткізуге келгендер арасында мекемеде жылдар бойы қызмет еткендер де бар. Қазір жаттықтырушылар, күзетшілер, электрик пен сантехник, сондай-ақ техникалық қызметкерлердің бәрі ақшаға зәру.
Мен есепші болып жұмыс істеймін. Жаңа жылдан бері бюджеттен бізге бір тиын да ақша аударылған жоқ. Сол себепті қызметкерлердікін де бере алмай отырмыз. Қай уақытта болатынын белгісіз. Алдымен наурыздың 20 дейін болады деді, одан кейін өткен аптада береміз деді. Енді бүгін 1-сәуір болды, ақша әлі жоқ. Басшылар әлі күту керек дейді. Ешкімнің қолынан келмейтін нәрсе екен. Күтуден басқа амал жоқ деп отыр. Жеке өзіме медициналық қызмет алу қиынға түсті,-деді жұмысшы Айжан Айдынғалиева.
Жұмысшылардың бірі Алтыбас Бейсенәлі бұл мекемеде күзетші болып еңбек етеді. Зейнет жасындағы азамат базынамызды айтуға еріккеннен емес, мәжбүр болғандықтан шығып тұрмыз дейді.
Үш айдан бері жалақы алмау деген сұмдық қой. Халық немен күн көреді? Азық-түлігіміз бар, несиеміз бар. Қарызданып, қауғаланып біттік қой. Мәселеміз естір құлаққа жетеді деген ойдамыз. Проблемамызды тез арада шешіп берсін. Мұндағылар еріккеннен жұмыс істеп жүрген жоқ қой. Бәрімізге ортақ проблема осы жалақы. Күтіп жүргенімізге қанша уақыт болды, - дейді тұрғын Алтыбас Бейсенәлі.
Биыл облыстық спорт басқармасының атауы ауысып, әу баста еңбекақы соның кесірінен кешігіпті. Кейін жауапты министрлік тарапынан мемлекеттік сатып алу заңына, сондай-ақ антимонополия мекемесінен қажетті рұқсатты алу бойынша өзгерістер енгізілген. Жергілікті биліктегілер, жалақының тез арада аударылуы тікелей министрлікке байланысты екенін айтады.
Жоғары жақтан мемлекеттік сатып алу заңына өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар монополияға қарсы органның рұқсатын алу керек деді. Қазір ол рұқсатты алдын. Дей тұрғанмен, 2018 жылы енгізілген арнайы реестр бар. 3 қазыналық кәсіпорынды сол реестрге енгіздік. Оның ішінде бокс клубы, осы біз тұрған жоғарғы спорт шеберлігі мектебі жәнемүмкіндігі шектеулі жандарға арналған клуб бар. Мамыр айының басында ол реестрды қайта өзгертіп жіберді. Үш мекемемізді алып тастаған. Қазір олармен тіпті келісімшарт жасай алмай отырмыз. Министрлікке қайта-қайта хат жазып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Үш мекеме ішінен мүгедектерге арналған клуб қызметкерлерін енгізіп үлгеріп, олар алды еңбекақыларын. Қалған екеуіндегі жұмысшылар алмай отыр. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, - деді Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы қаржы экономикалық бақылау бөлімінің басшысы Тілекқабыл Есдәулетов.
Жауапты басқарманың «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі» қызметкерлеріне 40 млн теңге берешегі бар. Бокс клубы жұмысшыларына да 40 млн теңге қарыз. Онымен қоса бокс клубының коммуналдық шығындарын өтеуге қажетті ақша да бар. Жауаптылар проблеманы жақын арада біржақты етеміз деп отыр. 150 адамның еңбекақысын апта аяғына дейін қолдарына тиеді деп сендірді.
Жұмысшылар мұндай мәселе бұған дейінгі жылдарда болмағанын айтады. Бірақ былтырғы жазда еңбекақы сәл кешігіп, қиындықтар туындаған. Жиналыстар өткізіліп, проблема көп кешікпей шешіліпті.
Жыл басталғалы қарыздан көз ашпадық деген қызметкерлер 10-сәуірге дейін маңдай термен, адал еңбекпен тапқан ақшамыз қолымызға тимесе, бәріміз бірігіп, мекеме жұмысын тоқтатамыз деген шешім қабылдады.