Атырау облысының Өзбекстанмен үш айдағы сауда айналымы 18,9 млн 3 долларға жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевты қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, инвестиция тарту, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру мәселесі талқыланып, екі ел арасындағы мәдени байланыс туралы әңгіме қозғалды.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері екі ел арасында жақын достық қарым-қатынас қалыптасты. Атырау облысының да Өзбекстанмен ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді, - деген Серік Айдарбеков бауырлас елдер арасындағы алыс-берістің артып келе жатқанына тоқталды.
Оның сөзінше, 2021 жылғы қаңтар-наурыз айларының өзінде Атырау облысының Өзбекстанмен сыртқы сауда айналымы 18,9 млн АҚШ долларын құраған. Бұл 2020 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда үш есеге, яғни 6,4 млн АҚШ долларына артқанын көрсетеді.
Біз ежелден бауырлас әрі көрші елміз. Оның үстіне Өзбекстанда миллионнан астам қазақ тұрады. Мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен ынтымақтастық екі жаққа да әлеуметтік-экономикалық жағынан пайдалы болып, байланыс артарына сенемін, - деді елші Саидикрам Ниязходжаев.
Сондай-ақ Өзбекстан елшісі екі мемлекет арасында әуе рейстерінің жанданатынына да айрықша тоқталды.   Кездесу соңында Серік Айдарбеков өңірде жалпы ауданы 210 гектар индустриялық аймаққа инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін барлық қажетті инфрақұрылым жүргізілетінін жеткізді.
Индустриялық аймақтың аумағында әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи өнеркәсіптік-өндірістік кешендер құру жоспарлануда. Өзбекстан инвесторларын да осындай мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамыз, - деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Атырау облысында Өзбекстан капиталының қатысуымен 18 кәсіпорын жұмыс жасауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы