Атырау облысының 7 000-нан астам тұрғыны Дүниежүзілік тазалық күніне қатысты
Атырау облысында World Cleanup Day Дүниежүзілік тазалық күнінде 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 600 түп ағаш отырғызылды. Экологиялық акцияға 7 000-нан астам атыраулық қатысты.
Атырау қаласы мен алты ауылдық округтегі сенбілікке 1 000-ға жуық ерікті қосылды. Облыстың жеті ауданында 6 000-дай тұрғын аумақтарды тазалауға шықты. Жұмысқа 70-ке тарта арнайы техника жұмылдырылды.
Акцияға облыс әкімі Болат Ақшолақов, ардагерлер, еріктілер, мемлекеттік және салалық мекемелердің қызметкерлері мен өңір тұрғындары қатысты.
Көгалдандыруға да ерекше назар аударылды. Акция кезінде егілген 600 ағаштың әрі қарай өсуіне жағдай жасау үшін тамшылатып суару жүйесін тарту жоспарланып отыр.
Өңір басшысы мұндай шаралар абаттандыру мен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың тұрақты бір бөлігіне айналуы керегін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, “Таза Қазақстан” — жай ғана акция емес , қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үндейтін жалпыұлттық бастама. Қоршаған ортаға қамқорлықты бір күнмен шектемеу маңызды. Бұл біздің күнделікті әдет-дағдымызға және ортақ жауапкершілігімізге айналуы тиіс. Баршаңызды табиғатты аялауға және өлкеміздің тазалығын сақтауға шақырамын, — деді облыс әкімі.
Экологиялық бастама аясында өңірде тағы 12 шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында 40-тан астам жас еріктінің басын қосатын “Мен әлемді тазалаймын” акциясы мен “ЭКО-пікірталастар” бар.
Экологиялық шаралар аумақтарды абаттандыруға ғана емес, экология мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындарды, соның ішінде жастарды табиғат қорғау ісіне тартуға бағытталған.