Атырау облысының 45 мыңнан астам тұрғыны несие төлеуді кейінге шегеруге өтініш берген
Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік басқармасы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірлік өкілдердің Атырау қаласы бойынша басқармасының басшысы Асланбек Қабесовтың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының 45 739 мың тұрғынынан банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие төлеу мерзімін кейінге шегеру туралы өтініштер түскен.
Кейінге шегерілген несиелердің жалпы сомасы – 59 млрд 795 млн теңге.
Жалпы Қазақстан бойынша несиені кейінге шегеруге 67 949 адамнан жалпы сомасы 87 млрд 692 млн теңгеге өтініш түсті. Су тасқынынан зардап шеккендерден өтініштерді қабылдау және өңдеу жалғасуда, - деді Асланбек Қабесов.
Естеріңізге салсақ, 7 сәуірде Атырау облысында төтенше жағдай жарияланып, соған байланысты кейбір екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға несие төлеу мерзімін 3 айға шегеруге мүмкіндік берген болатын.