Атырау облысындағы Талдыкөл ауылы су қоршауында қалды

Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылы су қоршауында қалды. Қазір ондағы тұрғындар ерікті түрде көшіріліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Махамбет ауданы Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылына мол су 10-мамыр күні келе бастаған. Қазір ағын ауылды айналдыра қоршап тұр. Ауылға кірме жол ғана ашық. Әзірге мұнда жаппай эвакуация жарияланған жоқ. 

Тұрғындар ерікті түрде ғана көшіріліп жатыр. Кеше кешкі уақыттан бері 146 адам Атырау қаласына жеткізіліп, APEC PetroTechnic жоғары колледжінде әзірленген эвакуациялық пунктіне орналастырылды.

Ауылды су толық қоршап тұр деуге болады. Талдыкөлдің айналасында, яғни әр жағынан су шамамен 5 шақырымға дейін жайылған. Қазір кірме жол ашық. Бөгеттердің беріктігін нығайтып, жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отырмыз. Жол жабыла қалса ауылдағы дүкендерде 3 тәулікке жететін азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры бар. Жалпы ауылда бас-аяғы 221 үй, 1215 тұрғын бар. Эвакуациялық пунтке орналастырылған халықтан бөлек, ауылдан өз еріктерімен кеткендер бар. Қазір ауылда шамамен 300 адам бар. Одан өзге айта кетсек, ауылда 6 шаруа қожалығы бар. Ондағы мал басы да алдын-ала қауіпсіз жерге шығарылып, айдалды, - дейді Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашев.

Қазір Талдыкөл ауылы айнала қоршалған 3 шақырым бөгеттің арқасында ғана аман тұр. Мұнда қалған ауыл азаматтары бөгет беріктігін сақтауға қолғабыс етуде. Өзге облыстан келген әскери қызметкерлер де барын салып жатыр.

Атырау облысына Шымкент қаласынан келдік. Төтенше жағдайдың алдын-алу бағытында жұмыс істеп жатқанымызға 1 ай болды. Осы Махамбет ауданында бөгет бекіттік. Талдыкөл ауылына кеше келдік. 52 сарбаз күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Қапқа құм толтырып, бөгеттерді нығайтуда. Жағдай тұрақталғанша осында боламыз. Жалпы мұнайлы өңірге Шымкент қаласынан 300 әскери келді, - дейді Шымкент қаласы 35/748 әскери бөлімінің шабуылдаушы батальон командирі Сапарбек Менликулов.

Бисембай Сариев Талдыкөл ауылының тұрғыны. Құрылыс саласында еңбек еткен ол бұл жерге 2008 жылы қоныстанған. Дегенмен 1993 жылы болған су тасқыны есінде екенін айтады.

1993 жылы дәл осылай ауылды су қоршап тұрды. Ол кезде техника тапшы болды. Ауыл азаматтары мен жауаптылар бәрін өз күштерімен аман алып қалды. Қазір техника жеткілікті. Бір ай бойы жұмыс жүргізілді. Жігіттер көп жұмыс істеді. Менің ойымша, ағын қарқыны қатты болып, су шайып кетпесе, жәй суға бөгеттеріміз құлай қоймайды. Беріктігі мықты. Көп тұрғындар, әсіресе мүгедектігі бар жандар, әйелдер мен балалар, қарттар қауіпсіз жерге көшірілді. Өзіміз осындамыз. Түнгі 2-3 ке дейін бөгет басын бақылаймын. Айналып, қарап кетеміз. Барынша қолғабыс етемін. Су ауылға кірмейді деп ойлаймын, - дейді ауыл тұрғыны Бисембай Сариев.

Махамбет ауданы бойынша жағдай Сарайшық ауылында да ушығып тұр. Кеше түнде онда бұрынғы жер асты құбыры болған жер жарылып, бөгеттен су кетті. Археологиялық қазба орнын су шайып кете жаздады. Дер кезінде жұмыс жүргізіліп, төтенше жағдайдың алдын алу шаралары қабылданды.

Түнгі 1:20 айналасында Сарайшық ауылындағы бөгеттің астынан бұрынғы құбырды су жарып кету орын алды. Ол судың алдына дереу бөгет қойылып, құм төгіліп, қазіргі уақытта жағдай қалыпқа келтірілді. Жұмысқа 11 техника жұмылдырылды. Ауыл азаматтары мен кезекшілікте жүрген азаматтар, әскерилер атсалысты. Сарайшық ауылдық округінде бас-аяғы 13,6 шақырым бөгет бар. Оның ішінде 5,4 шақырымы қайта жаңғыртылған ескі дамбы. 8,2 шақырым бөгет жаңадан соғылған болатын, - дейді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.

Қазір Атырау облысы бойынша су басу қауіпі әлі сейілмей тұр. Махамбет ауданынан бөлек Индер ауданының да жағдайы көңіл көншітпейді. Ал бірер күнде судың мол көлемі Атырау қаласына жетеді.

Қазір ең қауіп төніп тұрған бұл Индер мен Махамбет аудандары және Атырау қаласы. Индердің өзі, Елтай мен Есбол ауылдары қауіпті. Махамбет ауданы бойынша Талдыкөл мен Сарайшық ауылдары. Ал Атырау қаласы бойынша Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай қауіпті деп саналады. Өздеріңіз білетіндей Индерде су деңгейі қауіпті межеден 2 метрге дейін өсті. Махамбет ауданында қауіпті межеден 1,5 метрге асып тұр. Атырау қаласындағы Жайық өзенінде су да қауіпті деңгейден көтеріліп жатыр. Қазіргі таңда барлық қауіпті аумақтар тәулік бойы бақылауда. Қажет техникамен қамтамасыз етілген. Кейбір ақау пайда болған жерлерде шұғыл арада қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді, - дейді Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Атырау облысының жедел штабы берген мәліметке сәйкес, сағат 16:00 дегі жағдай бойынша Индербор кентіндегі гидробекетте су деңгейінің көтерілуі байқалмаған. Махамбет ауданында тағы 2 сантиметрге көтерілген. 

Атырау қаласының өзінде шекті деңгей 550 сантиметр болса, судың қазіргі деңгейі 553 сантиметр болып тұр. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев шаhарға судың көп деңгейі болжаммен 16-мамырда келетінін айтқан еді.

Қаперге берсек, бұған дейін тасқын ағын шайған Құлсары қаласын әлі де судан құрғату жұмыстары жүріп жатыр. Шығын көлемін есептеу аяқталған жоқ. Тұрғын-үй иелеріне берілуі тиіс және кәсіпкерлердің қаржысын өтеу бойынша алгоритм дайын емес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы