Атырау облысындағы су құбырларының тозығы жеткен
Атырау облысындағы ауыз су тазартатын қордырғылар әбден ескірген. Тіршілік көзі өтетін құбырлардың да тозығы жетіп, шіріп жатыр, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мұнайлы өлке тұрғындары тәулігіне 120 мың текше метр ауыз су тұтынады. Қажетті мөлшердегі тіршілік нәрін қаладағы 4 станса тазартып, жіберіп отыр. Қазір ол ғимараттардағы қондырғылар әбден ескірген. Себебі қолданысқа өткен ғасырдың 40-60 жылдары беріліпті. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген құбырлар да шіріп жатқан көрінеді.
Қазіргі уақытта біздің Атырау қаласы бойынша 4 станса жұмыс істейді. Оның біреуі тәулігіне 30 мың текше метр су тазартады. Шынымен де қондырғы мен құбырлардың тозығы жеткен. Ол Атырау су арнасына қарасты. Осы уақытқа дейін оны қайта жөндеу жайлы ұсыныс беру сол мекеменің құзырында. Қазір біз бұл мәселені бас жоспарға салдық. Шешу жағын қарастырып жатырмыз дейді, - қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Қуат Қалимов.
Өңірде соңғы 10 жылдың ішінде бірнеше әкім ауысса да, мәселе ашық күйінде тұр. Ал 2008 жылы аймақты Бергей Рысқалиев басқарған кезде «Береке» ықшам ауданының маңынан № 5 су тазарту стансасының құрылысы басталыпты. Бұл жұмысқа «Азия Маркет С» мердігер компаниясы кірісіп, аяқтаған. Ал әкімдіктегілер оны қабылдап алса да, станса жарамсыз екен.
Екі ай бұрын ғана жұмысты «БатысАльянсСтрой» құрылыс компаниясы қолға алған. Әкімдік оған 10 млрд теңге бөліп, 11 айдың ішін де аяқтауды жүктепті. Алайда10 жыл бойы тұған ғимараттың 30-40 пайызына қайта жөнеу қажет. Нысанның кейбір бөліктерін сүру қиындық тудырып жатқан көрінеді. Құрылысшылар қанша күш салса да, реконструкцияны қысқа мерзімде аяқталмаймыз деп еш жасырмай айтты.
Бұл нысанда 10 мың текше метрлік 3 резервуар бар. Сол үшеуі де жарамсыз. Оларды толығымен ауыстыру керек. Қазір бізде демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. Кәріз жүйесі бар, су құбырлары бар. Жұмыс көп. Мына жерде 42 адам қызмет етуде. Бәрі жергілікті. Енді бізге 1 жылға жетер жетпес уақытта аяқта дейді. Бірақ ол мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі жұмысты жандандырған сайын мәселелер шығып жатыр. Үлкен насостарды дайындаудың өзі 8 ай уақыт алады,- дейді «БатысАльянсСтрой» ЖШС басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Серік Асанов.
Өзекті проблема мәслихат сессиясында да жиі көтеріліп жүр. Жергілікті белсенділер болса мәселені шешу қаланың бас жоспарын біле алмай дал.
Ұлттық экономика министрі осы жылдың басындағы мәлімдемесінде, Атырау өңірінде 185 жобаны іске асыру мақсатында қыруар қаржы бөлінді деп айтқан болатын. Егер сол қаржының ішінде қаладағы су тазалау құбырлары, кәріз стансалары жоқ болса, оны ең алдымен анықтау керек. Олай болмаған жағдайда өңірдің бюджетін кері қайта қарау қажет,- дейді белсенді Б.Досмұхамбетова.
Бүтін өңір халқын таза ауыз сумен қамтып отырған қондырғылар «Атырау су арнасы» мекемесіне тиесілі. Қазір олар тиісті жұмыс атқарып жатқандарын айтады. Құрылысы қайта қолға алынған нысаннан бөлек, қалада тағы бір станса құрылысы басталмақ. Ал ескі құбыр мен желілер нақты қашан ауыстырылатыны белгісіз.
Айта кетейік, Береке ықшам ауданы маңында құрылысы жүріп жатқан станса тәулігіне 50 мың текше метр су тазартуға қауқарлы болады. Қайта жөндеу ұзаққа созылмай, ғимарат қолданысқа уақытында берілсе, бұл қаладағы ауызсу проблемасын біраз жеңілдететіні анық.