Атырау облысындағы көлден жарты тонна өлі балық жиналды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов Атырау облысындағы Алмағамбет көлінен 507 келі өлі балық жиналғанын айтты, деп хабарлайды «Мой город» порталы.
Алмағамбет көлінде 507 келі, Безымянный көлінде тағы 65 келі өлі балық табылған. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов мәлімдеді.
Безымянный және Алмағамбет көлдеріндегі су деңгейінің көтерілуі мен төмендеуіне байланысты балықтар жіңгіл тоғайына кептеліп, шыға алмай қалған. Безымянный көлінен 65 келі, Алмағамбет көлінен 507 келі өлі балық алынды. Қазір жұмыс жалғасып жатыр, – деп түсіндірді Бахиянов.
Қазіргі уақытта Орал-Каспий бассейндік инспекциясының 40 қызметкері және Алға аулынан сегіз жұмысшы жұмылдырылды.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы өңірдегі 200 су қоймасының 70-ке жуығы қауіпті санатқа жатқызылып, қатаң бақылауда екенін айтты.