Атырау облысында жыл басынан 1,2 мың га орман алқабы өртенген
Атырау облысында жыл басынан 1246 гектар орман алқабы өртенген, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, былтыр 7 орман өрті тіркелген.
Биыл Атырау облысының орман қорындағы 1246 гектарды шарпыған 3 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 42 есе төмен. Ал тұрғындар тарапынан абаттандыру, қураған шөптерді өртеу кезінде отты қараусыз қалдыру салдарынан шабындық жерлерде, ашық алаңдарда, автожол бойы мен канал жағалауында 91 гектар аумақ жанып кетті, - деп хабарлады ведомстводан.
Қазір өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуын болдырмау үшін тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Орман мен далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі адамдар жергілікті атқарушы органдар, полиция, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінен құралған мобильді топ арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сол себептен, облыс тұрғындары мен қонақтары өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауы тиіс.
Біріншіден, шабындық, егістік, орман алқаптарында қураған шөптерді, қоқыстарды өртеп, бақылаусыз қалдыруға жол берілмеуі керек.
Екіншіден, ауа райы құрғақ, ыстық және қатты жел кезінде от жақпаған жөн.
Үшіншіден, табиғат аясындағы демалыс аяқталған кезде жанған отты су құйып, құм немесе топырақ сеуіп, толық өшкеніне көз жеткізген дұрыс. Ең бастысы, өртті өз күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, 101, 112 нөмірлері арқылы хабарлау қажет, - деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.