Атырау облысында жұмыссыздық деңгейі бірқалыпты
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Атырау облысы халқына әлеуметтік көмекке 10 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаражат толықтай игерілген.
Сондай-ақ, өңірде 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауында және де соңғы үндеуінде де халықтың әл-аухаты мен өмір сүру сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеті екенін айтты. Өткен жылы Атырау облысына мемлекет тарапынан көзделген барлық міндеттеелер толығымен орындалды. Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бюджеттен 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, игерілді. Облыста 25 710 жаңа жұмыс орнын аштық. Оның басым бөлігі, яғни 14 468 тұрақты жұмыс орны. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 33 мыңнан астам адам қамтылды. 4 млрд теңгеге жуық қаржы игерілді. Оның ішінде де 18 мыңнан астамы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты,-дейді Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Азамат Мәмбетов.
Басқарма басшысының айтуынша жұмыссыздық деңгейі бірқалыпты. Қазір облыста 6 мыңнан астам жұмыссыз бар. Жалпы өңірде жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша ауқымды істер атқарылған.
Былтыр бізде Мемлекет басшысы тапсырмасымен жүзеге асқан жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 4 млрд 200 млн теңге қаражат бөлінді. Осы қаражаттың шеңберінде біз 498 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаған едік. Оның ішінде 272-сі уақытша жұмыс орны, 221-і тұрақты жұмыс орны. Нәтижесінде 302 жұмыс орнын ашып, жоспарды орындадық. Жол картасының екінші бағыты кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бойынша республикалық бюджеттен 1млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жылдың соңғы қорытындысымен біз 26 жобаны мақұлдадық. Несие беру әлі күнде дейін жалғасып жатыр,-дейді Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Азамат Мәмбетов.
Сонымен қатар облыстағы 8 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және қажеттіліктерін қамтамасыз ету бойынша да мемлекеттік көмек толыққанды беріліп жатқанын айтады.