Атырау облысында "Таза Қазақстан - жасыл балабақшадан" семинары өтті
Жиынға мектепке дейінгі алты ұйымның тәрбиеленушілері мен педагогтері қатысып, экологияға қатысты түрлі жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Семинар мақсаты - қоршаған ортадағы экологиялық мәселелерді анықтау және оны шешу жолдары, сондай-ақ балақайлардың өлкетануға қызығушылығын арттыру.
Кездесу барысында тәрбиешілер мен бүлдіршіндер «Кішкентай эколог», «Жасыл экономика біртұтас тәрбие», «Полиэтилен пакетінің зияны» тақырыбындағы жобаларын таныстырды. Сонымен қатар «Экоәлем» шеберлік сағаты өтіп, «Егер сіз табиғатты қорғау министрі болсаңыз?» атты диалогтік алаң ұйымдастырылды.
"Таза Қазақстан"акциясы – қоршаған ортаны аялауға бағытталған маңызды әрі жан-жақты қолдау тапқан бастама. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балаларға экологиялық тәлім беру — тәрбие үрдісіндегі әлеуметтік маңызы зор құнды бағыт. Балаға табиғатты мектепке дейінгі шақта тереңірек таныстырудың ерекше маңызы бар. Себебі адамның денсаулығы, ақыл-ойы мен санасы, еңбек пен сыртқы ортаға деген көзқарасы жеті жасқа дейін қаланады. Сондықтан осындай іс-шаралардың жиі өтуі өте пайдалы. Бұндай іс-шаралар өткен жылдан бері жалғасын табуда. Былтыр осы бағытта мектепке дейінгі ұйымдара 27 облыстық, 208 қала және аудан көлемінде жиын өтті, - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Исатай ауданы Аққыстау ауылы "Нұршуақ" балабақшасының педагог-тәрбиешісі Перизат Қалыбекқызы бүлдіршіндерге қоқысты дұрыс сұрыптауды үйретіп жүр.
Балаларға қоқыс жәшіктеріне пластикті, шыны бөтелкені, политилен пакет пен тамақ қалдықтарын бөліп тастауды ойын арқылы үйретемін. Олар әріп танымағандықтан әдісті суреті бар карталар арқылы жасаймын. Қазір ата-аналардан балақайлардың үйге барғанда қоқысты сұрыптап тастайтынын және оны өздеріне үйрететінін жиі естимін, - дейді тәлімгер.
Айта кетейік, бұл семинар облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтті. Өңірде мектепке дейінгі 337 ұйымда 35 мыңнан аса бүлдіршін тәрбиеленуде. Олардың ішінде 151 мемлекеттік, 86 жекеменшік және 100 орталық бар.