Атырау облысында тағы балық қырылып жатыр
Атырау облысы Махамбет ауданы Бақсай өзегінде балық қырылып жатыр. Бұл туралы жергілікті белсенді Аслан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, бейнежазбасын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Видеода көктемгі тасқын кезінде сай-салаға жайылған өр суына жиналып қалған көп балық бары көрінеді. Су маржандарының сүзілмей, жайрап жатқанына белсенді наразы болды.
Масқара ғой бұл. Миллион емес миллиард шабақ бар мына жерде. Қырылып жатыр. Мынау Бақсай каналы. Мына көп шабақтар өсіп, осы жерде қырылып жатыр. Егер аяз келетін болса, қар жауатын болса, алда қар бар мына балықтың бәрі өледі. Мұз жайлап қатып жатыр. Ауа жоқ. Қырылып жатыр. Мынаны алып Жайыққа, немесе ағысы бар каналға жіберсе, өзеніміз балыққа толар еді. Менің бұған дейін көргендерім ештеңе болмай қалды, көбі осы сияқты, - дейді белсенді Аслан Омаров.
Жауаптылар көктемгі тасқыннан жайрап қалған балықтардың бәрі жиналып жатқанын айтады.
Әлеуметтік желіге жарияланған видеоға сәйкес Атырау облысы Махамбет ауданы Бақсай су арнасының жанындағы көктем суынан бөлініп қалған жайылма судан өте көп мөлшерде балық шабақтарының қалғаны анықталды. 14 қаңтар күні инспекцияның бақылау-қадағалау жұмыстары кезінде Махамбет ауданы инспекция бөлімінің мамандары аталған аймақтан 180 мың дана балық шабағын құтқарды. Сазан, мөңке сынды балықтарды сүзіп, Жайық өзеніне жіберді. Қазір инспекцияның ұйымдастыруымен ауқымды құтқару жұмысы жүруде. Оған жергілікті атқарушы органдар, инспекция мамандары, сарбаздар мен еріктілер де жұмылдырылды, - дейді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балқ шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмас Жұмашев.
Айта кетсек, бұған дейін облыста балық қырылудың бірнеше фактісі тіркелген еді.