Атырау облысында қырылған балық өлексесі анықталды
Атырау облысының Махамбет ауданында балық қырылып жатыр. Су маржандарының видеосын желі қолданушылары таратып, алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су жануарларының өлексесі Атырау-Х.Ерғалиев тас жолы бойындағы жайылымнан табылған. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде қатты ағыспен өзен арнасынан шығып кетіпті. Бейнежазбада балықтың тек өлексесі ғана қалғаны көрінеді. Тірі балық жоқ. Тұрғындар видео таратқанда ғана жауаптылар ауданға ағылып, жұмысқа кірісіп кетіпті. Қазір жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Ол бағытта 15 адам, 3 техника мен 1 көлік жұмылдырған.
20 мамыр 2025 жылы Махамбет аудандық балық инспекциясының бөлімі, Бақсай ауылдық округі, Бейбарыс ауылдық округі мамандары бірлесіп, былтырғы көктемгі су тасқыны салдарынан бөлшектеніп қалып қойған жайылма судан балық өлекселерін тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, жүргізілді. Аталған жайылма судың түсі жасыл, иісі жағымсыз. Оксиметр аппаратымен судағы оттегі консентрациясын анықтау барысында 1.28 мг/л, судың температурасы 21,20С көрсетті. Тазалау жұмыстары кезінде бүгінгі күні 30 келі балық өлекселері жиналып, көму жолымен жойылды. Балықтардың түрі анықталған жоқ, - дейді Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аквакультура және кәсіптік балық аулау бөлімінің бас маманы Бекзат Сәрсенғали.
14-31 қаңтар күндері Атырау облысы Махамбет ауданы Есмахан ауылына қарасты Бақсай су арнасы жанындағы көктемгі өр суынан бөлініп қалған жайылым судан 9 миллионға жуық балық шабақтары құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді. 4-5 ақпан күндері Жылыой ауданы Қосшағыл ауданына қарасты Ордабай көлінен 43 000 дана балық шабақтары құтқарылды.