Атырау облысында мердігерлер салғырттығынан 36 баспана құрылысы аяқталмай тұр
Қазына қаржысы жұмсалған көпқабатты бұл тұрғын үйлер халық игілігіне қашан берілетіні белгісіз, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
36 тұрғын үйге бюджеттен бас-аяғы 26 млрд 150 млн теңге бөлінген. Соның ішіндегі баспананың дені Талғайран ықшам ауданында орналасқан. Қала шетіндегі 24 үйдің құрылысына мердігер компания өкілдері салғырт қарағандықтан, тапсырыс беруші оларды сотқа берген.Сәйкесінше келісім-шарт бұзылған.
Қазір өзге мердігерді анықтау жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Нақтыласақ, жауапты екі мердігердің бірі «Дәнекер» серіктестігімен келісімшар толықтай бұзылып,қалған жұмысты аяқтауға конкурс жарияланса, «Көлсай» компаниясы атқарып жатқан жұмыс бойынша жоба ескі болғандықтан, бұл жұмыс та тоқтатылып, проект қайта жасақталғаннан кейін ғана конкурсқа берілетін болады. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлімдеді.
Сондай-ақ, лауазымды тұлғаның берген ақпараты бойынша «Самал» ықшам ауданындағы құрастырмалы 4 тұрғын үйдің әу бастағы жобасы ескі болғандықтан, жоба қайта жасақталып жатыр.
Ал Жылыой ауданындағы көпқатарлы 3 тұрғын үй құрылысы 4 жыл бұрын басталған. 2021 жылы тапсырылуы керек еді. Алғашында дүниежүзілік пандемия салдарынан, кейін жобаға енгізілген түзетулер кесірінен жұмыс кешікті. Ал қазір мердігер компания жұмысынан кемшілік анықталды. Тапсырыс беруші мен мердігер соттасып жатыр.
Исатай ауданы бойынша 3 көпқатарлы тұрғын-үйдің құрылыс жұмыстары қазіргі уақытта тоқтап тұр.Бұл жұмыстар бойынша мердігер мекеме мен тапсырыс берушінің арасында сот процесі жүріп жатыр. Яғни, бұл жердегі себеп мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын аяғына дейін жеткізбеген. Мақат ауданына қарасты көпқатарлы 60 пәтерлік тұрғын-үйдің құрылыстары бойынша мердігер мекеме құрылыс жұмыстарды толық аяқтамағандықтан сотқа талап- арыз жолданған.Бұл жұмыстардың процесі жүріп жатыр.Алайда жұмыс тоқтап тұрған жоқ. Баяу жүріп жатыр, - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Н.Құсайынов.
Жұмысы тұралаған баспаналар арасында Индер ауданындағы үй де бар. 80 пәтерлік бұл нысанда да жоба ескіргендіктен, қайта жасақталып жатқан көрінеді. Қазына қаржысы жұмсалған объектілерді әкімдіктегілер қатаң бақылауда ұстап отырмыз дейді. Басты проблема мемлекеттік сатып алу аясында конкурс ұтып алған мердігер компаниялар жауапсыздығы екенін еске салды. Сақалды ғимараттарға алдағы уақытта бюджеттен қосымша қаржы қажет бола ма, жоқ па ол жағы белгісіз.
Мұнайлы өңірдегі жеке кооперативтер салып жатқан 6 тұрғын-үйдің де болашағы бұлыңғыр. Үлескерлер қаржысына бой көтере бастаған нысандардың құрылысы да қазір тоқтап тұр. Салымшылардың сенімін ақтамағандар тізімінде ЖК «Жібек Жолы», ЖК «Ақмаржан», ЖК «Family Town», ЖК «Qazanat», ЖК «Байсанат» және ЖК «Saraishyk» кооперативтері бар. Олар мыңдаған тұрғынның әрқайсысынан кемі 15 млн теңгеден ақша жинаған. 6 кооперативте барлығы 724 пәтер бар. Осы уақытқа дейін шағымданған тұрғындар кейбір пәтерлер тіпті бірнеше адамға сатылған деп ашынған болатын.
Құрылысқа жауаптылар, кінәліні іздеп әлек болып жатқанда, Атырау облысында 29 437 адам кезек күтіп тұр. Оның ішінде көпбалалық отбасылар-5 480, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар- 1582, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатынан-9693, мемлекеттік қызметшілер-12 214 және баспанасы апатты жағдайда деп танылған - 468 азамат бар.
Әзірге мұнайлы өңір билігі халықты баспанамен қамту жоспарын орындай алмай жатқан облыстар қатарында. Осы тақырып төңірегінде өткен штаб отырысында мұны үкімет басшысы Әлихан Смайылов та айтқан болатын.