Атырау облысында мал азығына шекті баға бекітілді
Атырау облысының Мақат ауданында мал азығына шекті баға белгіленді. Топырағы тұзды, климаты қатал өңірдің шаруалары жем-шөпті көршілес Қызылқоға ауданынан дайындайды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Тасымалданатын пішеннің бағасы шаруаларға салмақ түсірмеуі үшін жергілікті билік нақты баға бекітті — бір орам шөптің құны 7 мың теңге деп белгіленді. Аудандағы 30-дан астам шаруашылыққа шамамен 1000 тонна пішен қажет. Қазір оның жартысынан көбі дайындалып, қыстақтарға жеткізілді.
Мақат ауданында шабындық жердің жоқтығына байланысты шаруалар қысқы мал азығын көршілес аудандардан дайындайды. Бұл мақсатта ауданаралық келісім негізінде 14 мың гектар шабындық пен жайылым жер бөлінген. Қыркүйек айынан бастап төрт бригада жұмыс істеп келеді.
Аудандағы 31 шаруа қожалығының биылғы жылға қажеттілігі шамамен 1000 тонна шөп деп есептеліп отыр. Бүгінде оның 540 тоннасы дайындалып, қыстақтарға жеткізілді. Сонымен қатар кәсіпкерлермен меморандум жасалып, бір рулон шөптің бағасы 7 мың теңгеден аспауы тиіс деп белгіленді, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Берік Кенжеғалиев.
Биыл облыс шаруашылықтарына қысқы кезеңге барлығы 605 мың тонна мал азығы қажет. Оның жартысынан астамы әзірленіп, қыстақтарға жеткізілген. Шөп негізінен Қызылқоға, Құрманғазы және Жылыой аудандарынан тасымалдануда. Бұдан бөлек, 44 мың тонна құрама жем сатып алу үшін көршілес Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен келісім жасалған.