+20

Атырау облысында кене қаптап, киік қырылып жатыр

Атырау облысының Құрманғазы ауданында киік қырылып жатыр. Шаруалар ақбөкендердің өліміне кененің көбеюі себеп болуы мүмкін дейді. Жәндік төрт-түлікке жұқса, жағдайымыз мәз болмайды деп дабыл қақты. Жауаптылардан көмек сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.


Құрманғазы ауданының Азғыр ауылдық округінде 40-тан астам киік өлексесі табылған. Жазық даладағы жануардың үстінде кене қаптағаны анықталыпты. Сол маңда малмен жан бағып отырған шаруалар жәндік төрт-түлікке жұқса, шығынға ұшыраймыз деп алаңдаулы. Сол себепті жауаптыларға шағымданыпты. 

Азғыр өңірі Сүйіндік селосында шаруа қожалығым бар. Киік пен кене мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Киіктің көптігі сонша, біздің жұмысымызға кәдімгідей кесірін тигізіп отыр. Былтыр да алысып едік, биыл тағы сол. Малдың үстінде, бәрінде кене қаптады. Киік өліп, өлекседен әрі қарай тарайды да малға жабысады. Өзіміз алысып отырмыз қазір. Егіп те жатырмыз, бірақ әзірге пайда жоқ. Жауаптылардың осы проблемаға мән бергені жөн, - дейді шаруалардың бірі Бек Қапуанов. 

Расында құрманғазылықтардың киікпен арпалысып келе жатқанына 2 жыл болды. Былтыр облыс орталығына келіп, субсидия мәселесін көтерген кезде де проблеманың бары айтылған еді. Ақбөкендер жайылымның бәрін отап кеткен еді. Енді биыл жаппай қырылып, малға ауру тарату қаупін тудырып тұр. 

Бәріміз Құрманғазы ауданындағы шаруалармыз. Субсидия жайынан бөлек бізде киіктің мәселесі өзекті. Азғыр өңірінде қателеспесем шамамен 300-500 мыңға жуық киік жүр. Ол бағусыз, ешкімнің қарауынсыз. Халықтың, жеке шаруа қожалықтарының жеріне кіріп, жайылымын отап жатыр. Оның ішінде қаншама ауру шығып жатыр. Етпен қоректенетін қанша халық бар. Тұрмыстық жағдайымызға кәдімгідей әсерін тигізіп жатыр, - деген еді ауданнан келген шаруа Думан Меңдеш. 

Проблемадан жергілікті биліктегілер хабардар. Жауапты басқарма басшысы, депутаттар, ветеринар мамандар мен ғылыми зерттеу институтының өкілдері Құрманғазы ауданына аттанған. Киіктің өлексесінен сынама алыпты. Кездесу барысында тұрғындардың ұсынысы негізінде киіктердің өлексесін уақытында жою және шаруаларды малды дезинфекциялау құрылғысымен қамтамасыз ету ұсыныстары назарға алынатынын жеткізді. 

Ғылыми зерттеу институтының өкілдері киіктердің аса қауіпті ауруларына қарсы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қазіргі таңда сараптама алды. Оның қорытындысы шыққаннан кейін сол бағытта жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізетін боламыз. Зардап шеккен мал басы бойынша, қанша бас киік қырылғаны бойынша ешқандай ақпарат айта алмаймын, - деді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Асланбек Шәріпов. 

Жауаптылар киік пен мал өліміне кене себеп болады деген шаруалардың мәлімдемесін жоққа шығарды. Ал ақбөкендердің ен даладағы өлексесі өртеліпті. 

Киік деген енді көшіп-қонып жүретін жануар ғой. Олардың қыстан шыққан кездегі табиғи өлімі екенін ветеринарлық қызметкерлермен толықтай қарап, сондай шешімге келдік. Яғни еш факторсыз, табиғи өліммен өлген. Техникалық болса да, басқа да зақымдары анықталмады. Жануар болғасын барлығында да таскене болады. Кенені киік әкелді дегенге келісе алмаймын, - дейді Облыстық орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Шалқар Қырықбайұлы. 

Жалпы ақбөкенге қатысты халықың пікірі екіге бөлінеді. Кейбіреулер киікті атып, ол жабайы жануарлардан төрт-түлікті қорғау керектігін айтады. Ал тағы біреулер керісінше, киікті өңірде тұрақтатып, оның санын арттыру керек дейді. 

Негізі 2012 жылдан бастап киіктерді ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, олардың бөліктірі мен дериваттарын ҚР бүкіл аумағында 2024 жылға дейін пайдалануға тыйым салынған еді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 2023 жылғы бұйрығымен киік саны реттеуге жататын жануарлар түрлеріне енгізілді. 2024 жылы «Киік популяциясын басқару шаралары туралы» қаулысы негізінде Атырау облысы бойынша 50 мың бас киік санын атуға рұқсат берілді. 

2024 жылы киіктердің популяциясын басқару жұмыстарына «Охотзоопром ӨБ» мекемесіне Атырау облысы бойынша 50 мың киік басын реттеуге рұқсат берілді. Атырау облысы аумағында киіктердің санын реттеу жұмыстары 2024 жылдың 5 қаңтар мен 10 ақпан аралығында жүргізіліп, 2047 бас киік саны реттелді. 2024 жылдың 11 ақпанынан бастап киіктердің санын реттеу жұмыстары уақытша тоқтатылды, - дейді Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары. 

Киіктерді қандай да бір рұқсатсыз аулауға тыйым салынады. Сондай-ақ түз жануарларын заңсыз аулағаны, олардың бөліктері мен дериваттын заңсыз өндіргені, сатып алғаны, сақтағаны, өткізгені және тасымалдағаны үшін ҚР ҚК-нің 339 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Айта кетсек, шаруалардың шағымына қатысты енді Атырау облысындағы жауаптылар киіктен алынған сынама қорытындысын күтеді. Әзірге оның қашан шығатыны белгісіз. Егер қандай да бір аса қауіпті ауру түрі анықталса, биліктегілер шаруаларға көмектесуге мәжбүр болады.  
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы