Атырау облысында кәріз желісінің 44%-ы тозған

Атырау облысында жалпы ұзындығы 535 шақырымды құрайтын кәріз желісінің 44%-ы тозған. Осыған байланысты өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қалаішілік кәріз жүйесін жаңарту аясында өздігінен ағатын тозығы жеткен коллекторлардың 33,4 шақырым болатын 31 учаскесінде санациялау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде оның 12,8 шақырымы толық жөндеуден өтті, қалған бөлігінде жұмыстар жалғасып жатыр.

Сонымен қатар қала аумағындағы 45 кәріздік сорғы стансасын (КСС) қайта жаңғырту қажеттігі анықталып, жобалау жұмыстары басталған. Өткен жылы 9 КСС бойынша құрылыс жүргізіліп, оның 7-еуі пайдалануға берілді. Қалған екі нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, 22 КСС жобасы сараптамадан оң қорытынды алып, оның 7-еуіне жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінді. Қалған 14 стансада жобалау жұмыстары жүріп жатыр.

Шағынаудандарды орталықтандырылған кәріз желісіне қосу мақсатында 24 учаске бойынша жобалар әзірленуде. Биыл Жұлдыз, Геолог және Мирас ықшам аудандарында құрылыс басталып, жалпы ұзындығы 92 шақырым болатын кәріз желісі тартылмақ. Жоба келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Елді мекендерде де жобалау жұмыстары жалғасуда. Құрылыстар сараптама қорытындысынан кейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, Құлсары қаласында тәулігіне 10 мың текше метр сарқынды суды өңдеуге арналған жаңа кәріз тазарту имаратының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жоба жыл соңына дейін сараптамадан өтіп, құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдары жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Атырау облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы