Атырау облысында электрикті жұмыс барысында ток соқты

Атырау облысының Индер ауданында өндірісте ауыр жазатайым оқиға тіркелді. 25 жастағы электрик жұмыс барысында электр тогының соғуынан ауыр жарақат алған, деп хабарлайды BAQ.KZ Atyrau online Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Көктоғай ауылы маңында болған. Жәбірленуші шұғыл түрде Атырау қаласына жеткізіліп, травматология-реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

Жәбірленушінің туыстары жұмыс кезінде жеке қорғаныс құралдарының болмағанын айтып, тергеу барысы туралы ресми ақпараттың жоқтығына алаңдаушылық білдірді.

Ал «Атырау Жарық» компаниясы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Кәсіпорын жәбірленушіні емдеуге қатысты барлық шығынды өз мойнына алатынын хабарлады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адамға дененің әртүрлі бөліктерінің күйігі диагнозы қойылған. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, республикалық бейінді мамандармен консультациялар жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы