Атырау облысында егін жинау науқаны уақтылы жүріп жатыр
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Рүстемов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Биыл облыс бойынша егін алқабының көлемі өсіп, бақша өнімдерінің саны да артты. Бүгінде егістіктің жалпы көлемі 10 мың гектардан астам жерді құрайды. Қазір Махамбет ауданы мен Атырау қаласында егін жинау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биыл өңірде егін жинау жұмыстары уақтылы басталғанын және бұл ретте егін жинау науқанының қарқыны өткен жылғыдан жоғары екенін жеткізді.
Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 10 мың гектарға жуық көкөніс және бау-бақша, мал азықтық өнімі жиналды. Оның ішінде 92 мың тоннадан астам көкөніс, 42 мың тоннадан астам бақша өнімі және 28 мың тоннаға жуық картоп бар. Сондай-ақ мал азығы дақылдары бойынша 95,5 пайыз алқап жиналып, екпе шөптерден 19 мың тоннаға жуық мал азығы дайындалды. Су үнемдеу технологиясы арқылы өсетін егін алқаптарының да көлемі 4 500 гектарға ұлғайды, деді Б.Рүстемов.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Жылыой, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат, Индер аудандарында егін жинау жұмысы толықтай аяқталған. Ал Атырау қаласы мен Махамбеттің жұмыс көрсеткіші 98% пайызды құрайды. Осы айдың соңына дейін облыс бойынша егін жинау науқаны толықтай аяқталады деп күтілуде.