Атырау облысында біздің дәуірге дейінгі алтын бұйымдар табылды

Атырауда "Сармат алтындары" көрмесі өтті. Онда 2023-2024 жылдары Қызылқоға ауданы Қарабау маңында жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Қарабау-2 және Қарақұдық 1-2 қорғандарына жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу нәтижесі көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарабау-2 қорғаны Қарабау ауылынан солтүстікке қарай 10 км қашықтықта орналасқан, диаметрі – 70 м, биіктігі – 3 м. Өңірдегі «патша» қорғандарының бірі. 

2023-2024 жылдар аралығындағы жүргізілген қазба жұмысы нәтижесінде 9 қабір зерттеліп, оның ішінде 7 қабірдің тоналмағандығы анықталды. 

Қорғандағы 3 қабірді зерттеу барысында б.д.д. V ғасырда алтыннан «аң стилімен» және өзге де түрде жасалған әртүрлі әшекей бұйымдар мен заттар, қару-жарақтар, әртүрлі пішіндегі қоладан, керамикадан және сүйектен жасалған ыдыстар табылған. 

Қарақұдық-1 және Қарақұдық-2 қорғандары Қарабау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 9,7 км жерде орналасқан.  Қарақұдық-1 қорғанының диаметрі 38 м., биіктігі 1,8 м., Қарақұдық-2 қорғанының диаметрі 37 м., биіктігі 1,4 м. Осы аталған екі қорғанды зерттеу барысында қабірлерден күміс пиктограмма (ақбөкеннің, қасқырдың суреттері), алтын зергерлік бұйымдар, керамикалық ыдыстар, әртүрлі тұрмыстық заттар, ағаш пен керамикалық ыдыстар, қола қазандар, темір және қоладан жасалған қару-жарақ (акинак, қылыш, жебе ұштары, найза бөлігі) табылды, - дейді Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері М.Қасенов. 

Көрмеге қойылған археологиялық олжалар аймақты ерте кезеңдерде мекендеген сармат тайпаларының өркениет деңгейін,  көшпелілердің қөлөнерінің, әскери өнері мен діни рәсімдерінің жоғары дәрежеде дамығандығын көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Тарихи-өлкетану музейі
Өзгелердің жаңалығы