Атырау облысында “Бекіре-2022” іс-шарасы аясында 247 құқық бұзушылық анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы Полиция департаментінің ресми әлеуметтік желі парақшасында “Бекіре-2022” іс-шарасын қорытындылау мақсатында брифинг өтті, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Спикер ретінде балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрлыбек Утениязов қатысты. Атап өтетін жәйт, “Бекіре-2022” іс-шарасы ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен бұйрығына 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізілді. Брифинг барысында Нұрлыбек Утениязов іс-шараның жай-күйін хабардар етіп, баяндама жасады. 

Айтуынша, Жайық-Каспий бассейні аумағында балық пен балық өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында кең ауқымды “Бекіре-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде бекітілген күш-құралдардың орналастыру жоспарына сәйкес, іс-шараға барлығы 231 қызметкер (оның ішінде 86 автокөлік және 6 су көлігі) қатысты. 

Жұмылдырылған күштер мен құралдарды ескере отырып, балық өнімдерін заңсыз тасымалдауды анықтау мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, сондай-ақ Каспий теңізі, Жайық, Қиғаш өзендері жағалауында және облыстың айналма жолдарындағы автокөлік қозғалысын бақылау бойынша 39 мобильдік топ құрылды, – дейді ол. 

Сондай-ақ Жайық өзені жағалауында заңсыз балық аулаудың жолын кесу мақсатында қалалық басқарманың Жедел басқару орталығында орналасқан 19 бейнебақылау камераларымен бақылау жүргізілгендігін де тілге тиек етті. 

Айта кету керек, іс-шара кезінде 247 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 225 заңсыз балық аулау және балық аулау ережелерін бұзу, 6 балық және балық өнімдерін заңсыз сатып алу, 16 балық пен балық өнімдерін заңсыз тасымалдау және әкету болды.

Құқық бұзушылардан 1 893 келі балық, оның ішінде 525 келі бекіре тұқымдас балық, 218 әртүрлі балық аулау және екі су көлік құралы тәркіленді. Ішкі істер органдарымен 3 540 795 теңге көлемінде айыппұл салынып, бүгінгі таңда оның 2 343 195 теңгесі өндірілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы