Атырау облысында балық өндірісін дамытуға 25 млрд теңге бағытталады
Ірі жобалардың бірі – Құрманғазы ауданындағы «Шортанбай» балық өңдеу зауытын жаңғырту.
Атырау облысында 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамытуға бағытталған сегіз ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны 25 млрд теңгеден асады. Жобалар өндіріс көлемін арттыруға, балық өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ірі жобалардың бірі – Құрманғазы ауданындағы «Шортанбай» балық өңдеу зауытын жаңғырту. Оған 12 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталмақ. Қазіргі уақытта 11 жаңа нысанның құрылысы басталған.
Жоба аясында балықты қабылдау, мұздату, тұздау, ыстау және консервілеу, сондай-ақ уылдырық пен сүбе өндіретін заманауи цехтар салынады. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда өнімнің 200-ге дейін түрін шығара алады. Бұл шикізатты терең өңдеу деңгейін арттырып, отандық өнімнің нарықтағы үлесін кеңейтуге жол ашады.
Сонымен қатар өңірде тауарлық балық өсіру көлемін ұлғайту көзделген. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 2,6 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы тоғыз айда облыста 7 мың тонна балық өңделген.
Балық ресурстарын сақтау бағытында да бірқатар шара қолға алынған. Биыл Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 4 миллионға жуық шабағы жіберілді. Жыл басынан бері браконьерлікке қатысты 2,4 мың құқық бұзушылық анықталып, 168 іс сотқа жолданған.
Бұдан бөлек, өңірдегі 16 балық аулау кооперативіне 16 мың тонна балық аулауға лимит бөлінді. Қазіргі уақытта оның 44 пайызы игерілген.
Атырау облысы республикада ауланатын балықтың жалпы көлемінің 31 пайызын қамтамасыз етеді. Жоспарланған инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, отандық балық өнімдерінің түрі мен көлемін ұлғайтуға бағытталған.