Атырау облысында 81 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

Атырау облысында 81 мұғалімнің жалған дипломды пайдаланғаны анықталды. Оның 51-і мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, ал 30-ы орта мектепте жұмыс істеген, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Атырау облысының қоғамдық кеңесінің отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің облыстық департаменті превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов кеңес мүшелерінің назарын білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекеліне аударды.

Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу кезінде көптеген кемшілік анықталып отыр. Мәселен, мектептерде «өлі жандар» бар. Қызметкерлер мен оқушылар саны бірдей мектептер әртүрлі қаржыландырылған. Бір қызметкер бір мезгілде 4-5 мекемеде жұмыс істеген. Кейбір білім беру мекемелерінде басшылар өздеріне лауазымдық жалақысына үстемеақы аударып отырған. Мониторинг нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 51, орта мектептерде 30 қызметкердің жалған дипломды пайдаланғаны анықталды, - деп хабарлады Жәнібек Қаражанов.

Оның айтуынша, жоғарыдағы деректерді жою үшін облыстық Білім басқармасына 26 ұсыныс жолданған.

Қызметкерлердің контингенті бойынша деректерді автоматты түрде салыстыру үшін интеграцияны қамтамасыз ету қажет. Жергілікті атқарушы орган деңгейінде бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру, бекіту процестерін автоматтандырған жөн. Білім беру мекемелеріне кіру, шығу уақытын форматты-логистикалық бақылауды белгілеу мүмкіндігімен қызметкерлерінің қатысуын бақылау секілді ұсыныстар бар, - деп мәлім етті Жәнібек Қаражанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы