Атырау облысында 3 күннен бері қамыс өртеніп жатыр

Қазіргі уақытта өрт ошағын жою бойынша күшейтілген шаралар жүргізілуде,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

2 сәуірден бастап бүгінгі күнге дейін «АқЖайық» табиғи мемлекеттік резерваты аумағындағы өрттің жалпы ауданы 130 гектар, оның 127 гектары сөндірілді.

Бүгінгі таңда батпақты, сулы жерлерде шамамен 3,3 га аумақта қамыстың бықсуы анықталды.

Айта кету керек, биіктігі 2-2,5 метр болатын қалың қамыс бұталарын сөндіруге жердің қатты сулы-батпақты болуы қиындық тудырды. Сондықтан өрт сөндіру автотехникасының жану ошақтарына өтуі мүмкін емес. Осыған байланысты ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері сөндіруді өрт сөндіргіштер мен хлопушкалардың көмегімен жаяу жүзеге асыруда.

Қазіргі уақытта өрт сөндіруге Атырау облысы ТЖД 39 қызметкер мен 4 бірлік техника және «Ақ Жайық» табиғи мемлекеттік резерватынан 30 адам мен 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа жұмылдырылды.

Бұдан басқа, өртті сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 5-СТҚ су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылып, қамыс өсімдіктерін сөндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні Қазавиқұтқару тікұшағы әуеден су төгу құрылғысының көмегімен өрт ошақтарына әуеден 70-ке жуық рет, жалпы көлемі 200-ден астам тонна су төгілді.

Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ
Өзгелердің жаңалығы