Атырау облысында 2,5 жылда 12 мектептің құрылысы салынады
Биыл Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектепті салу жұмысы жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті.
2023-2025 жылдар аралығында 300 орындықтан 2000 орындыққа дейін жететін 12 мектептің құрылыс жобасы іске қосылады.
Білім беру сапасының артуына бірден-бір себеп – білім ордаларының көбірек бой көтеруі. Мемлекетіміз бен болашақ жас ұрпақтың арасындағы байланыс өте зор. 2023-2025 жылдар аралығында облыста 12 мектеп салуды көздеп отырмыз. Атап айтар болсақ, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 ауылында 900 орындық 3 мектепті салу. Сондай-ақ облыс бойынша 1200 орындықтан тұратын 3 мектеп, 600 орындықты 3 мектеп, 300 орындықты 1 мектеп және 2000 орындықты 2 мектепті салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бюджет қаражаты есебінен Исатай ауданы Аққыстау селосында 250 орындық өнер мектебінің құрылысы, Мақат ауданы Доссор кентіндегі Мұнай және Газ технологиялық колледжінің дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыстары жүргізілуде, - деді басқарма басшысы Н.Құсайынов.