Атырау облысында 14 дәрігер COVID-19-дан көз жұмған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пандемия кезінде қайтыс болған медицина қызметкерлерінің туыстарына 10 миллион теңге көлемінде ақшалай өтемақы төленді, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Былтыр 27 наурызда Атырау облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырудың алғашқы үш жағдайы тіркелген.
Жалпы, Сovid-19 пандемиясы кезінде аймақта 17,5 мыңнан астам тұрғын ауырды.
Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, Атырау облысында пандемия кезеңінде 1073 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Арнайы комиссияның шешімімен, 777 қызметкерге 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді.
Оның ішінде 14 адам, өкінішке қарай, кәсіби міндеттерін орындап жүріп, коронавирус жұқтырып, қайтыс болды. Қайтыс болған әріптестеріміздің туыстарына 10 миллион теңгеден астам өтемақы төленді, - деді Асхан Байдуәлиев.
Сонымен қатар мұнай компанияларының демеушілік көмегімен 60 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Бұл сома комиссияның шешімі бойынша 260 медицина қызметкері арасында бөлінді.
Айта кетейік, пандемия кезінде Атырау облысының 128 тұрғыны коронавирус індетінен көз жұмды.