Атырау облысынан қостанайлықтарға 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Дала өртінен зардап көрген Қостанай облысының тұрғындарына атыраулықтар 30 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасы бойынша Атырау қаласы мен аудандарда арнайы штабтар құрылды. Штаб өкілдері бүгін таңғы сағат 9:00-ден бастап азық-түлік, киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар мен төсек-жабдық жинап, көліктерге тиеп жіберді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қайырымдылық шарасына тұрғындар, әкімдік қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер жасағы жұмыла ат салысып жатыр.
Қостанай облысындағы қайғылы оқиға кімнің болмасын қабырғасын қайыстырмай қоймады. Сол үшін штабта жан-жақтан көмек жинап, оны жүк көліктеріне тиеп, кезең-кезеңімен жібереміз. Мұндай қиын сынақтан жұдырықтай жұмылып, бір ел болып өте аламыз. Қазір Қостанай облысындағы «Amanat» партиясы филиалының басшысымен байланыста отырмыз. Біз көрсетіп отырған көмектен бөлек, жапа шегушілерге тікелей қаражат жіберем деушілерге банк шоты ашылды. Алдағы уақытта бұл есепшоттың нөмірі қосымша хабарланады, - деді облыстық «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов.
Абдолла Идресовтің мәліметінше, бірінші қажеттіліктегі заттар салынған алғашқы 10 жүк көлігі жолға шықты. Қалғаны Қостанай облысына жақын уақытта жөнелтіледі.
Штаб құрамында «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері де белсенді ат салысып отыр.
Ауыр хабарды естігелі бері барымызды салып, ерікті ретінде тауарларды көліктерге тиеп жатырмыз. Біз Қостанаймен біргеміз. Көмек көрсетуге дайынбыз. Осындай қайырымдылық шараларына жастарды белсенді ат салысуға шақырамыз, - деді ерікті Заманбек Құрақбай.
Бұдан бөлек, баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды.
Чатқа қосылған азаматтар ақшалай және заттай көмек көрсетуге дайын екенін жазып отыр. Екі күн бойына керек-жарақтың бәрін жинап, кейін жөнелтеміз деп отырмыз. Қазірдің өзінде 20-ға жуық жүк көлігі сақадай-сай тұр. Алмалы ауылы және Махамбет ауданынан да жүк көліктері келе жатыр, - деді Нұрлан Жонасов.