Атырау облысына көшіп келген 311 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Биыл Атырау облысына көшіп келген 311 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шетелдік жұмыс күшін тарту және көші-қон бөлімінің басшысы Мейрамбек Алдияровтың мәліметінше, биыл шет елдерден 311 мүшесі бар 252 қазақ отбасы қоныс аударған. Өзге елден атамекенге оралған этникалық қазақтың барлығы қандас мәртебесін алды.

Қандастарымыз әлемнің түкпір-түкпірінен елімізге оралып жатыр. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері Атырау облысына 15 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келді. Олардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Елге оралған этникалық қазақтардың еліміздің аумағында қалып, азаматтық алуына мүмкіндік беру мақсатында 1 жылға қандас мәртебесі беріледі. Осы кезеңде этникалық қазақтар ел азаматтығын алып үлгермесе, берілген қандас мәртебесін алты айға тек бір рет ұзарту қарастырылған. Қазір Атырау облысына көшіп келген 43 қандас тұрғын үй кезегінде тұр. Ал, жұмыспен қамту мәселесіне қатысты 3 қандас хабарласып, тұрақты жұмысқа орналасты, – дейді Мейрамбек Алдияров.

Оның айтуынша, қандас мәртебесін алуға үміткер этникалық қазақ жергілікті атқарушы органға немесе мемлекеттік корпорацияға барып қызмет алады. Құжаттарды қараудың және қандас мәртебесін берудің жалпы мерзімі төрт жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Еске сала кетелік, былтыр Атырау облысығына 200-ге жуық этникалық қазақ көшіп келген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы