Атырау облысына 220 медицина қызметкері қажет
Атырау облысының медицина саласында маман тапшылығының мәселесі өзекті. Қазір мұнайлы өңірге 220 ақхалатты қажет, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Кадрдың жетіспеушілігінен жергілікті жұрт өзге өңірлерге, соның ішінде Ақтөбе, Астана және Алматы аймақтарына барып ем қабылдауға мәжбүр. Көршілес Ресей елінің Астрахань облысына да жиі қатынайды.
Атырау облысында маман тапшылығы шынымен де бар. Мәселен мен жақында көзіме ота жасаттым. Ол үшін Астанаға баруға тура келді. Себебі бізде білікті мамандар аз. Болған күннің өзінде, олардың бәрі жеке клиникалар ашып, қабылдау құнын шарықтатып жібереді. Қазір кіші баламда да көзінде сондай жағдай болып тұр. Атыраулық екі дәрігерге апардым, екеуі екі түрлі диагноз қойып тұр. Атырау деген мұнайлы өлкеміз, қанша ақша бөлініп жатыр, Израильден дәрігерлер келіп жатыр дейді. Бірақ бізге ештеңе де көрініп жатқан жоқ, дейді қала тұрғыны Торғын Жортабай.
Жауапты басқарма саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін бірқатар жұмыстарды қолға алдық дейді. Мәселен қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін биыл бюджеттен 550 млн теңге бөлінген. Соның арқасында қазір Атыраулық 100 маман Израиль мен Германияда тәжірибе алмасуда.
Атырау облысы бойынша 220 дәрігердің тапшылығы бар. Оның ішінде 50 жалпы тәжірибелі дәрігер , 24 реаниматолог, 23 акушер-гинеколог, 14 инфекционист жетіспейді. Қазір денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен осы мәселені шешу үшін әкімдікпен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Біз оқуды жаңа аяқтаған түлектерді қызметке орналастыруға да көңіл бөліп отырмыз. Ал бар дәрігерлердің біліктілігін үнемі шыңдап отыру маңызды, дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, медицина қызметкерлерінің қызметте тұрақтауы үшін, олардың әлеуметтік жағдайына да тиісті көңіл бөлінуде. Былтыр өңірде 20 маман пәтермен қамтылған. Баспана ақысы мемлекет есебінен өтелетін азаматтар да бар. Сондай-ақ, жас мамандарға берілетін 1 млн теңге көлеміндегі бір реттік төлемақыны 2-3 есеге дейін көтеру жоспарда бар.