Атырау облысы көктемгі су тасқынына дайын ба?
Атырау облысының билігі көктемгі тасқынға төтеп беру үшін дайындықты бастап кетті. Қазірдің өзінде жауаптылар 48,5 тонна жанар-жағар май, 300 мыңнан астам қап, 244 техника мен 235 тонна инертті материал дайындап қойған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұдан өзге 187 мотопомпа мен 20 жүру құралы және 3 тікұшақ та дайын көрінеді. Сондай-ақ 69 дана шатыр мен 5 мыңнан астам төсек жабдықтары сақадай сай. Бұл туралы облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Бектұрған Масатов айтты.
2024 жылы елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Бастапқы қорғаныс ретінде судың елді мекендерге кірмеуін қамтамасыз ететін 590 шақырымдық бөгет салынды. Бөгеттерді нығайту үшін 5,5 миллионнан астам қапшыққа құм салынып, жаға бекітілді. Жайық өзенінен Каспий теңізіне құйылатын судың ағымын жылдамдату мақсатында арнаның 30 шақырымы тазартылды. Бұған дейін саға тереңдігі 30-40 см болса, түп тереңдету жұмыстарынан соң 2 метрге жетті, - дейді Б.Масатов.
2025 жылы су тасқынын алдын алу бағытындағы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр су шайған Атырау облысының Жылыой ауданында Жем өзені мен Құрсай арнасында түп тереңдету және жағаларды нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Жоба бойынша түп тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы – 95 шақырым, соның ішінде Құрсай арнасы – 46,1 шақырым, Жем өзені – 48,9 шақырым, салынатын бөгет – 61 шақырым.
Бүгінде 64,4 шақырым аумақта түп тереңдету аяқталды, оның 30,4 шақырымы Жем өзенінде, 28 шақырымы Құрсай арнасында және 6 шақырымы Құр-Жем сағасында жасалды. Бұл мақсатта 70 техника тартылды.
Бұдан бөлек, 25 шақырым бөгет соғылып, оған 130 самосвал көлігі мен 36 арнайы ауыр техника жұмылдырылған. Жұмыстар су деңгейінің көтерілу маусымына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Қызылқоға ауданындағы 9 ауыл мен 5 елді мекенде жалпы ұзындығы 41,9 шақырым бөгет бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа 30 бірлік техника жұмылдырылған. Ауданда 132 адам, 53 техника және 6 жүзу құралынан тұратын жедел әрекет ету тобы құрылған. Индер ауданындағы бөгеттердің жалпы ұзындығы – 34,5 км. Көктемгі тасқынның алдын алу мақсатында жаға бекіту жұмыстары жүргізіледі,-дейді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Махамбет ауданында былтыр 105 шақырым бөгет салынды. Биыл 9 селолық округ балансындағы 29,9 км бөгет нығайтылып, қосымша 12,4 км жаңа бөгет салу жоспарланып отырған көрінеді.
Ал Атырау қаласы бойынша 250,4 км бөгет салынды. Қаладағы Гоголь арнасында түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Гоголь – Жайық өзенін Соколок арнасымен және Каспий теңізімен байланыстыратын негізгі арна, оның экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы маңызы айрықша екенін айтады жауаптылар.
Жоба бойынша түп тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы 30 шақырымға тең. Ені – 18 м, тереңдігі– 2 метр. Бүгінде оның 13 шақырымы аяқталды. Жұмыс 2025 жылғы 1 наурызға дейін жалғасып, су тасқынына уақытылы дайындықты қамтамасыз етеді.
Алдағы уақытта тасқыннан қорғану нысандарын пайдалану және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам ретінде «Табиғат» арнайы мекемесі құрылды. Тасқынға қарсы шаралар аясында соғылған бөгеттер, өзен бойындағы арналар осы мекеме қарауында болады.,-дейді облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Бектұрған Масатов.
Айта кетейік, облыста былтыр жарияланған төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Дайындық жұмыстары аясында облыстық жедел штаб жұмысын қайта бастайды. Бөгеттер тексеріліп, нығайту жұмыстары жүргізіледі. Су көп мөлшерде келе бастаған кезде жедел әрекет ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады екен.