Атырау облыстық ауруханасы енді толықтай провизорлық стационар болады

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық ауруханасының жанындағы провизорлық стационарда 187 науқас пневмониямен жатыр. 


Одан бөлек, соматикалық бөлімшелерде 100 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде жиырмаға жуық науқас жасанды желдету аппаратына таңылған. Дәрігерлер ахуалдың ушығып бара жатқанын айтты.


Біз медицина мамандары халықпен бірге індетпен бетпе бет келдік. Жағдай ауыр. Науқастар өте көп. Дәрігерлер, мейірбикелер жетпей жатыр. Тұрғындар әлі де той-жиындарды тоқтатпай тұр. Бір отбасылық жиында болған бірнеше адамның бір күнде ауырып түсіп жатқанын көріп жатырмыз. Бірақ көпшілік шектеу шараларын орындамай отыр. Ошақтың ортасында жүргендіктен әріптестеріміз де ауырып жатыр. Бірақ бірде бір дәрігер бұл сын шақта қызметін тастап кеткен емес, - дейді Атырау облыстық ауруханасының бас пульмонологі Бибінұр Рахметова.

Науқастардың көптігі сонша орынның жоқтығынан оттегі баллондарымен бірге дәлізде жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы енді бұл аурухананы толықтай провизорлық стационарға айналдырмақ. Өйткені науқастар саны артып барады.


Ауруханаға күніне 50-60 науқас түсіп жатыр. Оның ішінде денсаулығы өте ауыры бар, жеңіл түрде сырқаттанғандар бар. Орташа белгілері бар науқастарды жергілікті мекенжайы бойынша учаскелік дәрігерлері арқылы үй жағдайында ем алуға жіберіп жатырмыз. Өйткені екі өкпесі қабынып келіп жатқандар тым көп. Ауруханада жасанды желдету аппараттары жетпейді. Осыдан соң біздегі соматикалық бөілмшелер жабылып, өзге емханаларға науқастарды көшіріп жатыр. Толықтай провизорлық стационар болады, - дейді Атырау облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі Марат Жылқыбайұлы.

Ақ халаттылар халықтың әлі де шектеу шараларына салғырт-салақ қарайтынына реніш білдіреді. 


Сонымен қатар, қауіпті індеттің бел ортасында жүргендіктен әріптестері күн сайын сырқаттанып жатқандарын айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы