Атырау мұнай өңдеу зауытына 520 млн теңге айыппұл салынды
Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұрғындардың жағымсыз иіске қатысты жаппай шағымынан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытына 520 миллион теңге айыппұл салынғанын хабарлады.
Әлібек Бекмұхаметов ОКҚ-да өткен брифингте 2026 жылдың қаңтарында Атырауда күкіртсутегі деңгейінің нормадан асуының 36 жағдайы тіркелгенін айтты.
Осыған байланысты Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары ірі табиғат пайдаланушы - Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар, соның ішінде шекті рұқсат етілген концентрация нормативтерінен асып кету, апаттық жағдай туралы хабарламау, сондай-ақ сарқынды суларды заңсыз ағызу деректері анықталды. Бүгінгі таңда үш хаттама толтырылып, кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 520 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп атап өтті Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметов.
Қазіргі уақытта компания тексеру нәтижелерімен келіспей отыр. Жоғары тұрған комитетке тексеру нәтижелері туралы актінің күшін жою туралы өтініш жолданған.
Еске салайық, бұған дейін Өскеменде ауаны ластаған компанияға 20 млн теңге айыппұл салынды.